» » Жаһанның жерұйығы қайсы?

Жаһанның жерұйығы қайсы?

Бүгінгі таңда жерұйық философиясы қауіпсіз қоғам ұғымымен сәйкеседі. Расында, үйде жүргендей сыртта да өзіңді еркін, қауіпсіз сезінетін, ұрлық-қарлық пен зорлық-зомбы­лықтан ада, құқық бұзушылық көрсеткіші жоққа тән қоғам­ды жерұйық деуге әбден болады. Кез келген мемлекет осындай ізгі қоғам құруға мүдделі. Осы орайда әлемде мұндай мамы­ражай қоғам құра алған, заң бұзушылық тіркелмейтін мінсіз ел бар ма деген сұрақ туады. Жалпы, адамдар қай елде өзін қауіпсіз сезінеді?

Біздің қоғам қаншалықты қауіпсіз?
Қауіпсіз қоғам құру – біздің елдің де басты бағыты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында жариялаған Жолдауын да бұл басымдыққа күш салу керек екенін тағы да бір шегелеп тапсырып қойды. «Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүк­тел­ді. Ішкі істер министрлігі ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қо­йып, дереу жолын кесуге мін­детті. Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажет», деді Президент.
Бұл бағыттағы жұмыста қаншалықты ілгерілеу бар екенін қауіпсіз елдердің жа­һан­дық рейтингіне қарап та бағамдауға болады. Мәселен, Numbeo.com сайты 2024 жылдың бірінші жартысында қылмыс деңгейі, қауіпсіздік, денсаулық, экология, жалпы өмір сүру жағдайы сияқты факторларды ескере отырып, әлем елдерінің рейтингін жариялады. Осы рейтингте Қа­зақстан 146 елдің ішінде қыл­мыс деңгейінің 45,6 индекс көрсеткішімен 75-орынға жайғасты. Өткен жылы еліміз 72-орында бол­ған еді. Көр­ші­ле­рі­мізге келер болсақ, қылмыс деңгейіне қа­рай Қыр­­ғыз­стан – 43, Ресей – 97, Өзбекстан – 120, ал Қытай 132-орында тұр.
Осы орайда елімізде алаяқ­тық, есірткі сату, тарату қыл­мысы өршіп тұрғанын, әсіресе, кәме­­летке толмағандар арасында жиілеп кеткенін атап өтуге болады. Ішкі істер ми­нистр­лігінің мәліметі бойынша, осы жылдың 8 айында полиция есірткі таратуға қатысқан кәмелетке толмаған 30 баланы ұстаған. Есірткі жасырумен айналысатын 14 жастағы жасөспірімдер де кездеседі. Олар есірткі қылмысының жекелеген түрлері бойынша ересектермен бірдей қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
«Есірткі қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан, ал жекелеген қыл­мыс­тар бойынша 14 жастан басталады. Полиция қызметкерлері бар­лық оқу орнында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүр­гі­зеді. Жыл басынан бері 725 мың адамға 9 738 түрлі профи­лак­тикалық іс-шара өткізілді. Басты назарда жоғары сынып оқушылары мен ата-аналарынан жырақта өмір сүруді бастаған 1-2 курс студенттері болды», деді ІІМ Есірткі қыл­мы­сына қарсы іс-қимыл депар­та­менті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.
Мемлекеттердегі қауіп-қатер деңгейі сарапталған рейтингте қауіпсіздік бойынша Қазақстан 72-орында (индекс – 54,4) тұр, яғни деңгейі орташа деп көрсетілген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда бір орын алға жылжыған. Жал­пы, ТМД елдерінің арасында ең қауіпсіз ел – Өзбекстан, ол 27-орынды иеленген. Қырғыз елі 104-орынға жайғасқан. Ал дүние жүзінде өмір сүруге ең қауіпсіз ел Андорра делінген.
Сондай-ақ Numbeo.com сайтының мәліметіне сүйенсек, елдегі денсаулық сақтау индексі жоғары 60,65 баллды құрайды. Алайда өмір сүру сапасының индексі – төмен (104,81 балл), өмір сүру құны – өте төмен (29,32). Климат индексі – 39,78 балмен орташа, ал қорғашан ортаның ластану индексі 73,04 балмен жоғары деп бағаланған.
Халықтың сатып алу қабіле­ті­­нің индексі – төмен (49,33), яғни кез келген қажетті затына қол жеткізе алмайды. Жыл­жы­майтын мүлік бағасының кіріске қатынасы 10,24 деп орташа индексті көрсетіп тұр. Жол жүру уақытының индексі де – орташа (35.62).
 
Алаңсыз өмір – Скандинавия елдерінде
Әлемде өмір сүруге қолаулы елдердің көшін түзейтін тағы бір рейтинг бар. Бұл – БҰҰ-ның «Дүниежүзілік бақыт индексі» (WHR). Осы рейтингте жыл сайын Скандинавия елдері ең бақытты елдер қатарынан түс­пей келе жатыр. Мәселен, 2023 жылы Финляндия жетінші жыл қатарынан көш бастады, одан кейін Дания мен Исландия тұр. Жалпы Норвегия, Швеция, Финляндия, Дания өмір сүру деңгейінің көрсеткішімен түрлі зерттеулерде үнемі жоғары орын­дарда келеді. Олар қазір әлем­дегі ең қауіпсіз мемлекеттер деп танылды. Мұның бірнеше себебі бар. Айталық, Норвегияда қылмыс деңгейі өте төмен, тіпті елдің Осло және Берген секілді ірі қалаларында заң бұзушылық тіркелмейді. Сонымен қатар елде лаңкестік әрекеттердің, саяси қудалаудың немесе әлеуметтік толқулардың қаупі төмен.
Кейбір зерттеулерде бақыт­ты ел болудың кілті мемле­кеттер кішкентай, біртекті және бай болуы екені көрсетіледі. Тіпті ғалымдар олардың бақытты болуы генетикаға байланысты деген болжам жасады. Алайда WHR рейтингіне сүйенсек, мұндай теориялар дұрыс емес.
Бақыт деңгейі туралы дүние­жүзілік баяндаманың авторлары тұрғындардың өзін бақытты сезінуін елдегі халқының санына байланысты екенін дәлел­дей алмағанын айтады. Соны­мен қатар Скандинавия елдері – біркелкі емес. Мәселен, Фин­лян­дия халқының шамамен 8 пайызы – шетелдіктер, Данияда да – сондай шама. Мәселен, баян­даманың нәтижелері елдегі иммигранттардың үлесі жер­гі­лікті тұрғындардың орташа ба­қыт деңгейіне әсер етпейтінін көрсеткен. Ең бақытты тізімдегі 10 елде иммигранттардың үлесі орташа есеппен 17,2 пайызды құраған, бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен екі есе көп. 25 жылдық тәжірибесі бар, Дүниежүзілік бақыт туралы есептің редакторы, профессор Джон Хелливелл «Euronews»-ке берген сұхбатында «Скан­динавия елдерінің халқы қалай бақытты?» деген сұраққа: «Бақыт­ты ел болудың кілті тұр­ғындардың жан басына шақ­қандағы ІЖӨ, әлеуметтік қолдау, салауатты өмір сүру ұзақ­тығы, бостандық, жомарт­тық және сыбайлас жемқор­лық­тың болмауы секілді көр­сеткіште жатыр», деп жауап берді. Ғалым мұның ақша­мен байланысты емес екенін айтады. Скандинавия елдері салыстырмалы түрде бай тұрады. Бірақ әлемде қан­шама бай ел бар, олардың бар­лығы скандинавиялықтар сияқты бақытты емес. Айталық, Сингапур – әлемдегі ең бай мемлекеттердің бірі, бірақ ба­қыт­­тың көрсеткіші бойынша 26-орында. Ал мұнайға бай Сауд Ара­биясы – 27-орында.
Негізі ғалымдар бұл елдерде мемлекеттік қызметтердің сапасы жоғары, сондықтан қауіпсіздік деңгейі жоғары дейді. «Ел үкіметтері қарттарға сәйкесінше зейнетақы, қыз­мет­керлерге жоға­ры демалыс ақысы, науқастар мен мү­гедектерге жоғары жәр­демақы, тіпті жұмыссыздарға көп жәр­демақы тағайын­да­ған, денсаулық сақтау мен білім беру – тегін. Мемлекеттік инсти­туттар теңсіздік деңгейін бол­дыр­маудың барлық амалын жасайды, адамдарды оларға сене алады. Міне, қауіпсіз қоғам осылай құрылады», дейді Джон Хелливелл.
БҰҰ рейтингінде Ливия мен Сомали, Ауғанстан мен Венесуэла ең қауіпті елдер деп танылған. Сондай-ақ Сирия, Йемен, Ирак және Нигерияның кейбір аудандарында қауіп-қатер байқалады. Санаттар бойынша алынған нәтижелерге сәйкес, денсаулыққа қауіп төндіретін елдерге Гвинея, Сьерра-Леоне, Либерия, Йемен, Солтүстік Корея жатады. Соны­мен қатар аталған есепте жол-көлік оқиғалары қаупі жоға­ры елдерге Белиз, Домини­кан Республикасы, Сауд Арабиясы енген.
Түптеп келгенде, барлық өлшем­­­дерге сәйкес, бүгінгі таңда жер­ұйық Скандинавия елдерінде салтанат құрып тұр.
egemen.kz
27 қыркүйек 2024 ж. 109 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Ақсұлу
29 желтоқсан 2024 ж. 157
СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ

20 қараша 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031