СҰЛУ СЫРДАН СЕМЕЙГЕ САПАРЛАҒАНДА...
Осылайша, уақыттың қалай өткенін де байқамай қалыппыз. Қонақ үйге қайтатын уақыт та болды. Біздің бағымызға қарай, ардагерлермен бірге, Сыр өнері мен мәдениеті күндеріне орай 180 қызылордалық өнерпаз Семей қаласына келді. Сондықтан үстімізді ретке келтіріп, жуынып, сол кешке кешікпей бару керек. Сол мақсатпен көлігімізге отырып қонақ үйге бет алдық. Киімдерімізді жаңалап, Абай атындағы Семей мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрына келгенімізде, орындықтар жергілікті халықпен толуға айналыпты. Біз де өзімізге белгіленген жерге орналастық. Сәлден соң залға қос облыстың әкімдері Берік Уәли мен Нұрлыбек Машбекұлы келіп кірді. Олармен бірге сенат және мәжіліс депутаттары Мұрат Ергешбай, Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов келді.
Концерт басталмас бұрын облыс әкімдері сахна төріне көтеріліп, екі аймақтың достық пен ынтымаққа құрылған кездесуін жоғары бағалап, жылы ілтипаттарын білдірді.
Берік Уәли өз сөзінде: – Бүгін қонақ болып келіп жатқан Сыр өңірінің азаматтарына ризашылығымды білдіремін. Абай облысы жаңадан ашылып, қазіргі таңда мемлекет басшысының қолдауымен жаңа өрлеу дәуірін бастан кешіруде. Мен ел басшысына әр аймақтың бізді қолдап, жаңа ғимараттар салуына жәрдем беруін сұраған едім. Бұл ұсыныс ел басшысынан қолдау тапты. Менің досым, әрі әріптесім, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Семей қаласы орталығынан «Анаға тағзым» ғимаратын салып беретіндігін айтты. Сыр елінің ықыласына зор ризашылығымды білдіремін, – деді.
Семей халқы бұл хабарды жылы қабылдап, қол шапалақтап, орындарынан тұрып құрмет көрсетті.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы өз сөзінде: – Абайдың есімін иеленген қасиетті өлкеде ұлы тұлғаның 180 жылдығы биыл аса жоғары деңгейде аталып өтті. Ақын өсиеттері – бүгінгі ұрпақтың айнымас қазығы. Баршаңызды қазақтың ұлы ақыны «адамзаттың Абайы» атанған ағартушы, рухани реформатор Абай Құнанбайұлының жалпыхалықтық тойымен Сыр жұртшылығының, өзімнің атымнан шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі шара екі өңірдің мәдениет, өнер саласы қызметкерлерінің тәжірибе алмасуына, іскерлік байланыстарды арттыруға ықпал етеді. Тәуелсіз еліміздің тұғыры берік, болашағы жарқын болғай! – деп сөзін аяқтады. Залға жиналған лық толы халық өз ризашылықтарын білдірді. Бұдан соң аймақ басшылары естелік сыйлықтармен алмасты.
Содан соң сахна төрінде өнер майталмандарына кезек келді. Қорқыттың күйі, халық әндері, Сыр сүлейлерінің термелері, күй тартыс, «Томирис» би тобының мың бұралған билері көрермен жүрегіне жол тапты. Қалай болар екен? деп барған күпті көңіл керемет қуанышқа толып, жол жүріп барғандағы шаршағанымыз басылып, мерейіміз өскен өнер кеші болды. Концерт өте жоғары деңгейде өтті. Жергілікті халық концерт біткен соң ұзақ қол шапалақтады. Бұл – елдің ыстық ықыласы мен алғаусыз көңілден шыққан шынайы пейілдері еді.
Сол күні Абай облысының әкімі Берік Уәли үлкен дастарқан жайып, қонақтарға құрмет көрсетті. Жергілікті өнер шеберлері ән, күйден шашу шашып, кеш көркін қыздырды. Аймақ басшысы Берік Уәли: – Қызылорда өнері көш ілгері кетіп қалған екен. Өте риза болдым. Өнер ұжымына алдағы уақытта да толағай табыстар тілеймін, – деді.
Енді қысқаша Абай облысының тарихына тоқталып өтейік. Негізінен бұл жерде XIX ғасырда найман, арғын, тарақты, керей, уақ рулары мекендеген. Семей облысы болып 1939 жылы 14 қазанда құрылды. Ал 1997 жылы 3 мамырда таратылып, Шығыс Қазақстан облысымен біріктірілді. 2022 жылдың 8 маусымында Абай облысы болып қайта құрылған. Қазіргі таңда аудандар саны – 10, ауылдық округтер – 132, кенттік әкімдіктер – 2, қалалық әкімдіктер – 2, ауыл саны – 322 екен. Жер аумағы – 185,5 мың шаршы шақырым. Тұрғындар саны – 601 849 адам. Ұлттың құрамына келсек, қазақтар –78,78%, орыстар – 16%, татарлар – 1,84%, немістер – 1,39%, украиндар – 0,53%, ұйғырлар – 0,18%, басқа ұлт өкілдері – 1,28%-ды құрайды.
Абай облысы оңтүстігінде – Жетісу, солтүстік батысында – Павлодар, батысында – Қарағанды, солтүстік шығысында – Шығыс Казақстан облыстарымен, оңтүстік шығысында – Қытай Халық Республикасымен, солтүстігінде – Ресей Федерациясымен шектеседі. Кезінде бұл аймақ «Алаш» партиясының астанасы болған жер. Негізінен, сол кезде астана болуына себеп, көптеген оқу орындарының осы қалада шоғырланып, білім мен ғылымның дамуына кең жол ашылуына байланысты. Оқыған жастардың көп болуынан Семей Алаштың астанасы болып таңдалып алынған. Осы жерде Семей мен Қызылорданың ұқсас жақтарын атап өтсек дейміз. Семей Алаштың астанасы болса, Қызылорда қазақтың астанасы болған. Семей Еуропа мен Азияның жер кіндігі саналса, Қызылорда жер мен ғарыштың жер кіндігі болып табылады. Абай Семейдің ақиық ақыны болса, бізде «Сырдың Абайына» баланып жүрген Тұрмағамбет атамыз бар. Семей жері ядролық сынақтан зардап шексе, біз ракетаның гептилінен зәрезап болған елміз. Иә, осы салыстырулар екі аймақтың тағдырлас тірлігін паш етіп, бір-біріне жақындастыра түсетіндей әсер етеді. Осылайша естен кетпес естеліктерін көңіл төрінде қалдырған алғашқы күн де аяқталды.
Екінші күні таңғы астан соң тағы да жолға шықтық. Бұл жолғы бағыт «Жидебай» жері болды. Біз мінген көлік қаладан шығып, батысқа қарай бет түзеді. Екі аралық жол 180 шақырым екен. Алтекең екеуміз орындыққа қатар жайғасып алып, кең далаға көз тастап келеміз. Шынын айту керек, табиғаты маған ұнады. Қаланың іші де көкпен көмкерілген екен. Неше түрлі ағаштар, көкке бөленген алаңдар, гүлге көмкерілген алқаптар көз тартады. Ауасы да жанға жайлы. Біз көрмеген ағаштар да өсіп тұр.
Алтекең бірде маған: – Ана бір ағашты байқадың ба? Жапырағы біздегі жүзімнің жапырағындай, – деп маған көрсетті. Оны мен де бұрын көрмеген екенмін. Содан жергілікті тұрғыннан сұрауға тура келді. Сөйтсек, емен ағашы болып шықты. Әйтеуір, кеше күні бойы қаланың көгіне көз суардық. Ал бүгін далаға көз тастап келеміз. Аспанды ала бұлт торлаған. Анда-санда аздап сіркіреп жаңбыр жауып қояды. Жол ұзақ, ішкі әлемді мазалаған сансыз ойлар одан да ұзақ секілді. Ақылыңа жүк болатын неше ойдың ағымы бірі келіп, бірі кетіп жатыр. Дала ой мен қыры кезектесіп келетін жер бедерінен тұрады. Күз айы болса да көгі әлі көз тартады. Жусан мен басқа да сан түрлі шөптер жарыса өсіп тұр. Әр жерден үйір-үйір жылқы, қоралаған қой, топтасқан сиыр малы кездеседі. Ауыл баласы емеспіз бе, бірден малдың қоңына көзіміз түседі. Үстері жылтырап, арқа жондары тегіс, сан еттері толық, қабырға тұстары майлы болып келеді. Бұл дегеніміз, малдың күйі жақсы деген сөз. «Жері байдың, елі бай» деуші еді. Төрт түліктің қыр астындағы қысқа қоңды жағдайда түсетіндігі көрініп тұр. Қаладан бірталай ұзадық. Біз келе жатқан үлкен жолдан солға қарай «Бөрілі» ауылына қарай баратын жолға келдік. Бұл ауыл казақтың біртуар ұлы, әлемдік деңгейдегі классик жазушы, Абайдың атын асқақтатып, даңқын асырған Мұхтар Әуезовтің туған ауылы. Осы жерге аялдадық. Автобустан сыртқа шығып, естелік суретке түстік. Үшбұрышты етіп жасалған жол айрығындағы темірге үш тілде, ағылшын, орыс, қазақ тілдерінде «Бөрілі» – Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің туған ауылы» деп жазылған екен.
Бұдан соң көлікке отырып «Жидебайға» бет түзедік. Жол бойы бізбен қатарласа созылып кәрі Шыңғыс тау жатыр. Заманында Шыңғыс хан әскері осы таудың етегінде дамылдап, күш жинап біраз уақыт тұрса керек. Содан таудың аты Шыңғыс ханның атын иемденген. Әлі де бірталай жүретін жол бар. Сондықтан Шыңғыс тауды сөзге тарттым. Көпті көрген кәрі тауға мен таңсық болыппын ба? Жүзінде селқостық, жанары салқын күйде тіл қатты: – Абайды іздеп күнде келіп жатасыңдар. Сенде соның бірі болдың ғой. Қашанға дейін созыла бермек, бұның бір тоқтайтын уақыты бар ма? – деп сұрады. Мен былайша жауап бердім: – Шыңғыс тау, бәрі де өзіңнен бастау алғаны анық. Шындап келгенде, қасиетің – Құнанбайға, асқақтығың – Абайға, шыңдарың – Шәкәрімге, мәрттігің – Мұхтарға жұққан секілді. Қай бір данаға да ұлылық туған жердің төсінен дариды. Оларды іздеп келуге сенің де қатысың бар. Төрт тұлғаның есімі тарихта мәңгілікке алтын әріптермен жазылған. Оларды біз ғана емес, талай ұрпақ іздеп келеді, әлі. Біз де өмірден өтерміз, бірақ, сіз, көптеген жылдар олардың келгеніне куә болып жатасыз, – дедім. Шыңғыс тау менің айтқанымды түсінді ме, әлде, талайдан естіген сөзі болған соң мән бермеді ме, білмедім. Үнсіз қалды. Сөйткенше біз мінген көлік үлкен жолдан солға қарай бұрылды. Жолдың екі беті жағалай өскен жиде екен. Бізді бастап келе жатқан Нұргүл қызымыз: – Өсіп тұрған жидені көріп келе жатырсыздар ғой. Осы қалың өскен жиденің құрметіне жердің аты «Жидебай» деп аталады, – деді. Жидебайда қонақ үй, асхана салынған екен. Біз саяхатты Абайдың өмірінің соңында Еркежанмен бірге тұрған еңселі үйімен танысудан бастадық. Бізді сол үймен, ішіндегі жабдықтарымен музей қызметкері таныстыра бастады. Бұл жерде Абайдың жұмыс істеген жазу столы, мылтығы, Ділданың, Әйгерімнің, Еркежанның тұтынған заттары әр бөлмеде өзінше орын тепкен екен. Абайдың пайдаланған әр тілде жазылған кітаптары шкафқа қойылған. Абай шағатай, араб, парсы, орыс, түрік тілдерін терең меңгерген. Әр бөлмеде жылыту үшін жеке пештер қойылған. Қолдан соғылған неміс, голланд пештері ерекшелігімен көз тартады. Қыста ет сақтайтын арнайы үлкен бөлме бар екен. Онда бес-алты ірі қара сойылып, түтінмен ысталып, арнайы дайындалып қойылады екен. Аулада Абайдың өзі пайдаланған ат арбасы сақталған. Талай жерді жүріп өткен ат арба тарихтың таңбасындай көңілге түрлі ой салады.
Бұдан соң Абай мен Оспан және Шәкәрім мен баласы Ахат денелері жатқан архитектуралық кешенге бет түзедік. Бізді кіре берісте жасы отыздың үстіндегі жас жігіт амандасып қарсы алды. Содан соң алдымызға түсіп, кешен құрылысымен таныстыра бастады. Сөзі жатық, қимылы ширақ, елпілдеп тұр. Абай мен Оспан және Шәкәрім мен Ахат жатқан бейіттің сыртқы келбеті ашылған кітап негізінде салынған екен. Екі жерге де барып тәу етіп, Құран бағыштап, бет сипадық. Содан соң бізді бастап жүрген жас жігіт бізбен қоштасып тұрып: – Ағалар мен апалар, тағы да қош келдіңіздер. Елге біздің ыстық сәлемімізді жеткізерсіздер. Ойлап қалмаңыздар, мені музей қызметкері екен деп, мен осы Абай ауданының әкімі боламын, – деді. Біз шынында, оны аудан әкімі деп ойлаған жоқпыз. Қазақтың «Ұлық болсаң, кішік бол» деген сөзі осы жігітке арнап айтылғандай бәріміз де оған риза болып қалдық. Олардың менталитеті бізге қарағанда өзгешелеу екендігін байқағандай болдық. Кезінде облыстың дамуына ерекше үлес қосқан ағамыз Қалқазбек Әжібеков әкімге батасын берді. Ол да қарап қалған жоқ, басындағы Абайдың 180 жылдығына арнап тіккен қалпағын ағамызға сыйға тартты.
Абайдың әжесі Зеренің және анасы Ұлжанның ұлы тұлғаға тәрбие беруде орындары бір төбе екендігі белгілі. Зере жастайынан Абайға ертегі айтып, халық ауыз әдебиетімен сусындатқаны белгілі. Ауылға түскен өнер адамдарын да жібермей талай күн қонақ етіп, немересіне сөз тыңдауды және оны жан дүниесіне рухани құндылық етіп, өмір жолында адами қасиетін қалыптастыруда көп еңбек жасағанын білеміз. Анасы Ұлжан да Абайды ерекше жақсы көрген. Оны адалдыққа, адамды құрметтеуге үйреткен. «Мен Абайды жуынбай емізбейтін едім» деуінде баласына деген аналық махаббаты жатқан жоқ па? Біз осы қос ананың бейітіне де аялдадық. Құран оқылды. Көңіл тебіренді. «Жатқан жерлері жайлы, жандары жұмақта болсын» деп жүріп кеттік.
Адам баласының тұлға болып қалыптасуы оңай шаруа емес. Абай да сол сияқты. Атаның тәрбиесі мен ананың тәлімі арқылы биікке шықты. «Адамзаттың Абайы» атанды. Менің бір байқағаным, Семей жұрты Құнанбайды қатты құрметтейді екен. Себебі де қалың жұртқа түсінікті ғой деймін. Жас Абайды қыранша баулыған әкесінің еңбегі зор. Семей халқының жиі айтатын мына бір сөзі сол ойымыздың дәлелі іспетті. Олардың айтуынша, «Абайдың шыққан биігі, Құнанбайдың иығы» дейді екен. Осы сөздің астарына үңіліп, мәнін түсінер болсақ, Құнанбай біз үшін әлі де ашылмай жатқан қазына секілді. Оның әділ бағасын беру келер ұрпақтың еншісі болып қала бермек.
Біз жолға шықтық. Шыңғыс таудың етегінде, көз талар жерде Абайдың жаз жайлауы көрінеді. Біз аудан орталығы Қарауылдан түскі ас ішіп, Семей қаласына жол тарттық. Қонақ үйге оралған соң, жуынып, киім ауыстырып сыртқа шықтық. Кеш қарайып, қаланы қараңғылық басып келеді. Автобусқа отырып, барар жерімізге бет түзедік. Бүгін кешкі асқа Семей қаласының әкімдігі шақырған болатын. Мейрамханаға келіп, дастарқан басына орналастық. Дәм ауыз тиіп, жақсы тілектер айтылды. Ән шырқалып, көңілді кеш жалғасын тапты. Семей қаласының әкімдігіне Қанибек ағамыз өз қолынан арнайы жасаған Абай тақырыбындағы кәдесыйын табыстады. Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі, топбасшысы Мақсұт Баекеев Сыр елінің энциклопедиялық жинағын тарту етті. Осы топта байқоңырлық жерлестеріміз Шолпан Махмутова мен Шайхибек Сүйімбетов бірге болды. Олар ракета макетін естелікке ұсынды. Бата беріліп, жылы шыраймен тарқастық.
Ертеңіне таңертең ауылға қайтуға жиналдық. Сыртта тұрған көлікке отырып вокзал басына келдік. Пойыз да келіп тұр екен, орнымызға орналастық. Айта кету керек, осы Семей жерінде жүргенде Абай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Әліп бізбен бірге болды. Соңғы күні вокзалға келіп, ақжол тілеп, ыстық пейілмен шығарып салды. Әкімдікте жұмыс жасайтын жас жігіттер де қолдан келген қызметтерін көрсетті. Сол үшін де оларға айтылар алғыс шексіз.
Бұл сапар бізге не берді дейтін болсақ, әрине, рухани байыдық. Жалпы, айта кетейікші, рухани байлық – жанның байлығы. Дүние, ақша – тәннің байлығы. Рухани байлық адамды азаматтыққа жетелейді, оның өмірдегі орнын белгілеп береді. Әр адам өз құнын түсірмеу үшін соңғы сағатына дейін жан дүниесін байытуы керек. Осы тұрғыда көрмегенді көрдік, көңілге түйдік, жақсы әсерде болдық.
Осы сапарды ұйымдастырған облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлына, облыстық ардагерлер кеңесіне үлкен рақмет айтамыз. Жолда ұйымдастыру жұмыстарына басшылық жасаған Мақсұт Баекеев, Ғалым Бекенов, Жұмабек Әлиевтің де еңбектері зор. «Қартын сыйлаған ел азбайды» дегендей, қарттарымыз қадірлі, еліміз аман болғай.
(Басы өткен санда)
Дастан МЫРЗАБЕКҰЛЫ