» » «ЖЕҢІЛДІККЕ» ЖЕТЕЛЕГЕН ЖОЛ

«ЖЕҢІЛДІККЕ» ЖЕТЕЛЕГЕН ЖОЛ

Дүкенге бір зат аламын деп кіріп, бірнеше қорап зат алып шығу нәзікжандылардың көбінде бар қасиет. Әрине, дүкендерді аралап, өзіңізге жаңа киімкешек алу – қуантатын, жанға жайлылық сыйлайтын, жүйкені тыныштандыратын әдет. Алайда әмияныңыз арықтап, киім сөресінде орын қалмайтындай жағдайға жетсеңіз, бұл аурумен күресетін кез келді.
Жасыратыны жоқ, қызыл-сары түсті «50% жеңілдік», «акция», «соңғы мүмкіндік» деген қарапайым жазу адам санасына әсер ететін қуатты құралға айналды. Жеңілдік маусымында тұтынушының назарын өзіне аударту үшін бағаны сары және қызыл түсте, үлкен шрифтермен көрсетеді. Бұл тұтынушыны тарту мақсатында жасалатын өзіндік стратегия. Сары – бейтарап түс. Психологиялық еңбектерден сары түс адамға көңіл-күй мен ләззат сыйлайтынын білеміз. Ал бұл құбылыс шопоголизм мен эмоциялық сатып алудың бастауына жол ашады.
Шопинг – ағылшын тілінен шыққан сөз. «Сатып алу» немесе «төлем жасау» деген мағынаны білдіреді. Шопинг ең алғаш рет ХІХ ғасырдың ортасында Парижде пайда болды. Ол кезге дейін адамдар барлығын қолдан жасап, киімді де тігіп, ал байлар тапсырыспен жасататын. Француз бизнесмені Аристид Бусико шопингтің негізін қалады. Оның ең бірінші жетістігі – кедей мен байға ортақ қолайлы бағадағы тауар сататын дүкен ашты. Кейін тұтынушылар үшін түрлі дүкендер ашыла бастады.
Ал әлемде шопинг мәдениеті ХІХ ғасырдың соңында қалыптасты. Бұл көптеген елде бизнес орындар мен сауда орталықтарының саны артып, ақша айналымы өскенін байқатады.
Қазір технология мен ғаламтордың дамыған заманында адам уақытын үнемдеу үшін интернет дүкені арқылы тапсырыс береді. Дүниежүзіндегі ең алғашқы интернет дүкені – кітап дүкені. Ол ХІХ ғасырдың соңында ашылды. Кейін ғаламтор арқылы тұрмыстық техника мен киім-кешек сатып алуға мүмкіндік туды.
Қалау ма, қажеттілік пе?
Сауда орталықтарын тынымсыз аралап, себепті де, себепсіз ақша жұмсауға бейіл болу – жақсылық емес. Өйткені шопоголик болу да дерт. Мұндайда «дертті» адам бей-берекет ақша жұмсай береді, қаражатын мүлдем қадағаламайды. Ертеңгі күнін ойлағаннан гөрі қазіргі импульспен онсыз да тартпада толып тұрған бұйымға тағы біреуін қосып алғанды құп көреді. «Шопоголизм» диагноз ретінде тіркелмеген, мамандар тарапынан қойылмайды. Мұндай сатып алушылық мінез-құлықты көбіне әдеттер мен әуестік бұзылысы деп атайды. Ең алғаш рет шопоголизм құбылысы жайлы 1915 жылы неміс психиатры Эмиль Крепелин жазған. Бірақ оның сипаттамасына бастапқыда ешкім мән бермейді. Өйткені клиент қажет ұйымдарға бұл жайттың жария болғаны тиімсіз еді. Десе де қазір шопоголизмнің зияны жайлы айтатындар көбейген. Тіпті оны әлеуметтік есірткі түріне жатқызады. Ең қиыны оның деңгейін анықтау оңай емес, яғни гипербелсенді тұтынушы мен шопоголиктің аражігін ажыратып, шекарасын сызу қиын. Одан қала берді қазір әлеуметтік желіде жарнаманың дәурені жүріп тұр. Соған еріп, қажет болса да, болмаса да еріп ала беретіндер бар.
Шопоголизм – жай ғана көп зат алу емес. Ол – көңіл күйді көтеру, ішкі бос кеңістікті толтыру немесе күйзелістен уақытша қашу тәсілі. Адам қуанышты да, мұңды да, тіпті жалғыздықты да дүкен аралау арқылы «емдегісі» келеді. Сол сәтте жаңа зат уақытша бақыт сыйлағандай көрінеді. Бірақ бұл сезім ұзаққа бармайды.
Ал эмоциялық сатып алу көбіне ойланбай жасалады. Шаршау, күйзеліс, реніш, қуаныш – бәрі де әмиянға әсер етеді. «Қазір керек емес, бірақ көңілімді көтереді» деген ой санаға сіңіп, қажеттілік пен қалау арасындағы шекараны жояды. Нәтижесінде үйде қолданылмайтын зат көбейіп, қаржы тапшылығы пайда болады.
Психологтардың айтуынша, шопоголизм – заманауи қоғамның үнсіз дерті. Әлеуметтік желідегі жарнама, блогерлердің «шолу» видеолары, сәнге ілесу қажеттілігі бұл құбылысты одан әрі күшейтіп отыр. Әсіресе жастар мен эмоцияға тез берілетін жандар қауіп тобына жатады.
Адам өзін іздегенде шопоголизмге ұшырайды. Бұл әдет адамның ішкі тұрақсыздығы мен өзін төмен санауынан туындайды. Зат сатып алу арқылы адам өзінің ерекшелігін көрсетемін деп ойлайды, бірақ бұл ішкі және қаржылық тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін дейді мамандар.
«Соңғы мүмкіндік» синдромы
Түрлі жеңілдік акциялары тұтынушыға жасалған қамқорлықтай көрінгенімен, оның астарында көбіне қойманы босату мен табысты арттыру стратегиясы жатады. «Арзан», «соңғы мүмкіндік», «уақыт шектеулі» деген сөздер сатып алушыны ойландырмай, тез шешім қабылдатуға бағытталған психологиялық тәсілдер.
Бүгінде бөліп төлеу де аса тартымды құралға айналды. «Қазір ал, кейін төлейсің» деген ұсыныс қажетсіз затқа қол создыруы мүмкін. Алайда бұл жерде ұтатын – банк те, дүкен де. Бірі пайызынан пайда көрсе, екіншісі өтпей тұрған тауарын өткізіп алады. Ал ұтылған тарап – көбіне тұтынушының өзі.
Мәселен, құны 10 мың теңге тұратын тауарды «5 мыңға береміз» деп жар салады. Бірақ оған қоса уақытты да қысады: «екі сағат қана қалды», «бір күннің ішінде үлгеріңіз». Мұндай қысым адамды сабырдан айырып, эмоцияға жетелейді. Сол сәтте біз тауардың сапасы мен қажеттілігін емес, арзан баға мен уақыттың өтіп бара жатқанын ойлаймыз.
Эмоцияға берілген сатып алу көбіне өкінішпен аяқталады. Үйге келген соң ғана «бұл маған шынымен керек пе еді?» деген сұрақ туады. Бірақ ақша жұмсалып қойған, ал тауар сөреде шаң басып жатады.
Сондықтан ең дұрыс шешім – жоспарланған бюджетке сүйену. Дүкенге кірмес бұрын нақты мақсат қою, қажетті заттардың тізімін жасау және сол шеңберден шықпау – қаржылық тәртіптің негізі. Уақытша жеңілдікке емес, ұзақ мерзімді пайдаға мән беру маңызды.
Қорытындысында айтарымыз, жеңілдік – әрдайым үнем емес. Кейде ол артық шығынның бастауы. Эмоция өтеді, ал дұрыс жоспарланған шешім ғана қалтаға да, көңілге де тыныштық сыйлайды.
«Арзанға алдық» деген алдану
Көп жағдайда біз ұттым деп ойлаған сәтте-ақ ұтылып үлгереміз. Жеңілдікпен алынған тауар қалтаға салмақ салмайтындай көрінгенімен, оның шынайы құны кейін білінеді. Себебі арзан баға – қажеттіліктің емес, эмоцияның жемісі. «Осындай мүмкіндік қайта келмейді» деген ой адамды асығыс шешімге итермелейді. Ал нәтижесінде қолданылмайтын зат көбейіп, жоспардан тыс шығынға жол ашылады. Шын мәнінде, қажет емес дүниеге жұмсалған аз ақша да үнем емес, алданудың бір түрі.
Ең қауіпті тұсы – жеңілдік тақтайшасына ұмтылу. Шын мәнінде, жеңілдік – үнем емес, көбіне артық шығын. Себебі адам тауарды бағасына емес, жеңілдігіне қарап алады. «Арзан болған соң ала салайын» деген ой ақыр соңында қажетсіз дүниеге толы сөмкеге әкеледі.
Қазіргі маркетинг тәсілдеріне қарасақ, жылдам дофамин (қуаныш сыйлайтын гормон) алуға бағытталады. Көрдіңіз, алдыңыз, мәз болдыңыз. Әрі жеңілдікпен берілсе, бүгін акцияның соңғы күні болса, тиімді ұсыныстары болса, тіпті қарсылық таныту қиындайды. Мұндайда екі бірдей механизм қатар жүреді: жылдам шешім қабылдау керек, сосын қуаныш әкелетін нәрсені жасау. Осылай бірі екіншісіне әсер етіп, ақыры зат алатын болып шешесіз. «Акцияға үлгердім. Біреу емес, біреуінің бағасына екеу алдым. Мықтымын мен осы» деп мәз болып, марқаясыз. Осы мақтаныш сезімі адамға ұнай бастайды да, көбірек істеуге тырысады.
Шопинг шипа ма?
«Адам өзін жақсы көруі керек. Сол үшін өзін жиі қуантып тұрғаны жөн» деген сөзді бүгінде жиі естиміз. Алайда бұл ұғым кейде қате түсініліп жатады. Өзін сүю – қалағаныңды шектеусіз сатып алу емес, өзіңе жауапкершілікпен қарау.
Кей жағдайда адам сыртқы келбетін, сәнін, материалдық дүниесін жетілдіруге бар күшін салады. Бірақ ішкі әлем назардан тыс қалса, уақыт өте келе екеуінің арасында қайшылық пайда болады. Сыртқы жылтырақ көбейген сайын, ішкі тыныштық азая береді. Сол себепті қажетсіз затты ала бергеннен кейін бет қызарып, көңілге өкініш ұялайды.
Шопинг арқылы алынған қуаныш – уақытша. Жаңа зат алғашында көңілді көтергенімен, оның әсері ұзаққа созылмайды. Бір сәттік ләззат артынан бос кеңістік қалдырады. Адам қайтадан сол сезімді іздеп, тағы да дүкен сөресіне бет алады. Осылайша шопинг шипа емес, әдетке айналған жұбанышқа айналып кетуі мүмкін.
Шынайы бақыт сырттан емес, іштен бастау алуы керек. Ішкі әлем байыған сайын, адам сыртқы дүниеге тәуелді болмайды. Өзімен үйлесім тапқан жан артық дүниеге емес, өз дамуына, білімге, тынығуға, жан рахатына мән береді.
Қорытындылай айтқанда, өзіңді қуанту – қымбат зат алу емес, өз қажеттілігіңді түсіну. Себебі ішкі тепе-теңдік бар жерде ғана сыртқы қуаныш мәнді әрі ұзақ болады.
Ақнұр ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ
16 қаңтар 2026 ж. 64 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№6 (10474)

24 қаңтар 2026 ж.

№5 (10473)

21 қаңтар 2026 ж.

№4 (10472)

17 қаңтар 2026 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 306
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 179

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031