» » РОБОТТАР МЕН АДАМ ЕҢБЕГІ: БОЛАШАҚ МАМАНДЫҚТАР ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

РОБОТТАР МЕН АДАМ ЕҢБЕГІ: БОЛАШАҚ МАМАНДЫҚТАР ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

Бүгінгі адамзат өмірі – технология дәуірінің дабылындай. Кеше ғана қиял болған дүниелер бүгінде шындыққа айналды. Күнделікті өмірімізге енген смартфондар, смарт-үйлер мен жасанды интеллект жүйелері қоғамның бет-бейнесін түбегейлі өзгертіп жатыр. Бұл өзгерістердің ең үлкен әсері еңбек нарығында да сезілуде. Көптеген мамандық автоматтандыру мен роботтандырудың нәтижесінде жойылып барады. Дегенмен, жаңа кәсіп түрлері де пайда болуда. Ендеше, болашақта адам мен роботтың қарым-қатынасы қандай болмақ? Адам еңбегі қай салада сұранысқа ие болып қалады? Толығырақ тарқатсақ.
Технология төңкерісі: әлем қайда бет алды?
XXI ғасыр – төртінші өнеркәсіптік революция ғасыры. Робот техникасы, жасанды интеллект, Big Data және бұлттық технологиялар өндірістің барлық саласына дендеп енді. Жеке бағыттар мен бөлек экономикалық мамандық иелерін роботтармен алмастыруды қарастыратын зерттеулер саны бүгінде жүзден астам. Экономист Карл Фрей мен Майкл Осборнның зерттеулеріне жүгінсек, роботтандыру нәтижесінде АҚШ-та 2033 жылға қарай бүгінгі 47% жұмыс орындарының жойылып кету қаупі бар. Дүниежүзілік банктің есептеуінше, Қытайда бұл көрсеткіш 77%- ды құрайды. Халықаралық еңбек ұйымының деректеріне сүйенсек, Камбоджа, Индонезия, Филиппин, Вьетнам, Таиланд және Қазақстан секілді мемлекеттердің өзінде 56% жұмысшылар «автоматтандырудың» құрбанына айналуы мүмкін. Биылғы жылы экспорттауға арналған алма жинаушы роботтардан бастап, тұрғын үйлерде күзетші болып жүрген құлтемірлерге дейін өз қызметтерін бастады.
Ең маңыздысы, мамандық иелерінің орнын роботтар басатын болса, адамдарға білім алудың қажеті не? Жапондық отбасында дүниеге келген американдық профессор, «Нью-Йорктың ең ақылды адамы» атанған Митио Каку «TheNew York Times» газетіне берген сұхбатында «Ең бастысы – оқу-білім алдағы уақытта есте сақтауға негізделмейді. Жақын арада компьютерлер мен Google Glass көзілдіріктері (Android жүйесіндегі смартфондарға арналған Google компаниясының өнертабысы) барлық қажетті мәліметтерді жүктеуге мүмкіндік беретін шағын линза түрінде шығарыла бастайды» деген болатын. Қазіргі уақыттың өзінде бұл көзілдіріктер көптеген мемлекеттерде сатылымға қойылған, Қазақстанда Google Glass-тың бағасы 200 мың теңгені құрайды. Демек, адамдар компьютер секілді ойланса, олардың білім деңгейі де бір көзілдірікпен өлшенбек.
Халықаралық сарапшылардың есебі бойынша, алдағы он жылда әлемде 800 миллионға жуық жұмыс орны автоматтандырылуы мүмкін. Бірақ сонымен қатар шамамен 400 миллион жаңа мамандық түрі пайда болады деп күтілуде. Демек, мәселе жұмыс орындарының азаюында емес, олардың формасының өзгеруінде. Бұрын тек инженер мен механик қажет болса, қазір деректер талдаушы, робот жүйесін баптаушы, жасанды интеллектті оқытушы сияқты мамандар сұранысқа ие.
Біздің елдегі жай қалай?
Қазақстан да бұл толқыннан шет қалған жоқ. Цифрландыру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналды. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында соңғы жылдары еліміздің барлық өңірінде электронды қызметтер саны артты, ауыл мектептеріне робототехника кабинеттері орнатылды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегі бойынша, елімізде алдағы бес жылда 300-ден астам мамандық түрі жойылып, орнына 500-ге жуық жаңа мамандық қалыптасады. Мәселен, есепші, кассир, архивші сияқты классикалық қызметтер автоматтандырылып барады. Ал керісінше, киберқауіпсіздік маманы, IT-инженер, робототехника оқытушысы, контент-маркетолог, деректер сарапшысы сынды жаңа кәсіптерге сұраныс артуда. Осы қажеттіліктердің орнын толтыру мақсатында Қазақстан мектептері мен колледждерінде соңғы жылдары STEM бағытындағы (Science, Technology, Engineering, Mathematics) пәндерге басымдық беріліп келеді. Робототехника үйірмелері ауыл мектептеріне де жетті. Мұндай тәжірибе балалардың логикалық және шығармашылық қабілетін қатар дамытады.
Сондай-ақ университеттер мен IT-хабтар арасындағы серіктестік артып, стартап мәдениеті қалыптасуда. Мысалы, Астана Hub – жас IT-мамандардың тәжірибе жинақтайтын орталығы. Бұл жастарды роботтандыру мен инновация саласына баулуға мүмкіндік береді.
Бүгінде Қазақстан университеттерінде «Жасанды интеллект», «Big Data», «Киберқауіпсіздік», «Робототехника және мехатроника» мамандықтары оқытылады. Бұл бағыттар – болашақтағы ел экономикасының өзегі. Осы ретте роботтар біздің өмірге қашаннан бастап енді. Соған көз жүгіртсек.
Роботтар қалай пайда болды?
1495 жылы Леонардо да Винчи «Механикалық рыцарь» атты алғашқы робот сызбасын жасап, құрастырды. Тарихи деректерде, бұл рыцарь қозғалыс жасауға, отырып-тұруға, қолы мен басын қозғалтуға қабілетті болды. Олай болса, робот концепциясының пайда болғанына биыл тура 530 жыл толып отыр.
Сол кездері Леонардо да Винчидің жобасы сенімсіз жоба болғанымен, идея Еуропа елдеріне жылдам тараған. 1700- 1800 жылы Еуропада түрлі механикалық қуыршақтар (автоматтар) жасалды. 1920 жылы қараша айында чех жазушысы Карел Чапек «R.U.R.» атты ғылыми-фантастикалық пьесасында алғаш рет «робот» сөзін қолданды. Чех жазушысының қиялынан туған философиялық туынды Леонардоның концепциясынан қуатты болып, 1923 жылы 30 тілге аударылып, Еуропа мен Солтүстік Американың театрларында көрсетілді. 1924 жылы пьеса орыс тіліне аударылды.
Арада 30 жыл өткенде алғашқы роботтар пайда бола бастады. Расында да, 1950-1980 жылдары заманауи гуманоид нейроқұрылғылардың даму кезеңі басталды. 1954 жылы американдық өнертапқыш Джордж Девол ең алғашқы өнеркәсіптік робот Unimate-ді патенттеді. 1961 жылы 45 келіге дейін көтере алатын механикалық құрылғы General Motors фабрикасының жұмыс өнімділігін арттырды. Unimate автомобиль корпусын дәнекерледі. Бұл сол кездегі жаңашыл жаңалық әрі үлкен жетістік болды. 1973 жылы әлемде адам сияқты қозғала алатын алғашқы андроид – WABOT-1 таныстырылды. Жапонияда құрастырылған бұл роботтың басты ерекшелігі – сөйлеп, тыңдап, қашықтық пен бағытты анықтап, жүре алатыны еді.
Гуманоидтық роботтардың келесі кезеңі – 1990-2000 жылдары дамыды. ХХІ ғасырдың басында Жапонияда робототехника жасау қарқын алды. Мәселен, 2000 жылы адам сияқты жүретін, тіпті баспалдақ арқылы көтеріліп, жүк көтере алатын Honda ASIMO ақылды құрылғы, 2003 жылы жетілдірілген HRP-2 көпшілікке таныстырылды. Ал қазір роботтардың сан түрі күннен-күнге жаңа мүмкіндіктер қосып, даму үстінде.
Адам мен робот: бәсеке ме, әріптестік пе?
Технологияның дамуы көпшілікті «адам еңбегі қажет болмай қалмай ма?» деген сауалға жетелейді. Алайда сарапшылар роботтар адамды толық алмастырмайды дейді. Керісінше, робот – адамның көмекшісі, серігі. Мысалы, медицина саласында хирургиялық роботтар күрделі операцияларды дәлірек орындаса, дәрігер шешім қабылдаушы рөлінде қалады. Ал ауылшаруашылығында дрондар мен смарт-жүйелер егіннің өнімділігін арттыруда.
Демек, басты талап – адамның бейімделгіштігі мен үздіксіз білім алуға дайындығы. Жаңа дәуірде табысқа жетудің кілті – техниканы қолдана білу емес, оны басқара білу.
Егер мамандыққа қауіп төнсе, тығырықтан шығудың екі жолы бар – мамандық деңгейін арттыру немесе жаңа мамандықтарды меңгеру. Автоматтандырылған қоғамда абыройлы әрі табысты тұлға болып қалыптасу үшін профессор Митио Какудың пікірінше, роботтарға қолжетімсіз қабілеттерді дамыту қажет екен. Соған сәйкес, адамдардың ендігі жұмысы интеллектуалды, шығармашылық бағыттарды шыңдау болмақ. Себебі ешқандай жасанды интеллект адам интеллектісінің орнын баса алмайды. Яғни, робот психолог, музыкант, суретші немесе әнші бола алмайды. «Мен, робот» фильміндегі бас кейіпкер Уилл Смит «Робот симфония жазып, көркем туындыны құрастыра ала ма?» деген сұрақ қойған еді. Жауабы да белгілі – бұл мүмкін емес. Осы орайды даңқты батыр Бауыржан Момышұлының «Техника қаншама жетілгенмен, дамығанымен, бәрібір күрестің құралы ретінде қалады. Адамның жан-дүниесі – ұрыста ең қатерлі, көзге көрінбейтін қару. Жан дүниесіне заң бойынша бірінші орын тиесілі, оған күш-қуаты жағынан теңесер күрес құралы жоқ және болмайды да» деген даналық сөзі адамның қайталанбас жаратылыс екендігінің нақты айғағы десек артық болмас.
Технология дәуірінің жаңа кейіпкерлері
Роботтардың өмірімізге дендеп енуінен көптің көкейінде біршама мамандық жойылады деген үрей жиі айтылады. Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, мамандықтар жойылмайды, тек олардың бағыты өзгереді. Мысалы, дәрігер мен мұғалім сияқты мамандықтар ешқашан мәнін жоғалтпайды, бірақ олардың қызмет ету форматы өзгереді. Мұғалім енді тек білім беруші емес, оқушының жеке қабілетін ашуға бағытталған ментор, коуч, цифрлық кеңесші рөлін атқармақ. Дәрігерлер де жасанды интеллект көмегімен диагноз қоятын, деректерді талдайтын, емді жекелей ұсынатын маманға айналады.
2030 жылдарға қарай әлемде ең қажет мамандықтар – деректер аналитигі, жасанды интеллект инженері, робот технигі, киберқауіпсіздік маманы және виртуалды әлем дизайнері болмақ. Мысалы, AI-инженер машиналарға үйрету алгоритмдерін жетілдірсе, деректер аналитигі – үлкен көлемдегі ақпаратты өңдеп, шешім қабылдау процесін жылдамдатады. Ал киберқауіпсіздік сарапшылары қоғамды цифрлық шабуылдардан қорғайды.
Алдағы уақытта қоршаған ортаны қорғау мәселесі де қазіргідей өзекті бола береді. Сондықтан болашақта экотехнолог, қалдықсыз өндіріс инженері, биоархитектор, генетикалық кеңесші сынды мамандықтар үлкен сұранысқа ие болады. Мысалы, биоархитекторлар табиғи материалдар негізінде экологиялық үйлесімді ғимараттар салса, генетикалық кеңесшілер адам денсаулығы мен тұқым қуалаушылыққа байланысты жеке кеңес береді.
Тек ғылым мен техника емес, шығармашылық бағыт та жаңа серпін алады. Виртуалды кеңістік пен әлеуметтік желілердің дамуы контент-продюсер, AR/VR дизайнер, метаәлем сәулетшісі, цифрлық маркетолог, инфлюенсерменеджер сынды жаңа мамандықтарды туғызды. Қазірдің өзінде көптеген жас YouTube, Instagram, TikTok платформаларында кәсіби деңгейде жұмыс істеп, медиа өнім шығарып, табыс тауып жүр. Бұл бағыт болашақта да кең өріс алмақ.
Түйін Болашақта қандай технология дамыса да, ең жоғары сұранысқа ие қасиет – адамдық қабілет. Эмоциялық интеллект, сыни ойлау, топпен жұмыс істеу, креативтілік, жауапкершілік сияқты қасиеттер кез келген мамандықтың өзегінде қалады. Яғни робот есеп жүргізе алады, бірақ адамша сезіне алмайды. Демек, адамдар арасындағы коммуникация, тәрбиелеу, шабыттандыру секілді қызметтерге әрдайым адам қажет болады. Роботтар мен автоматтандыру – адамзаттың дамуын тоқтатпайды. Керісінше, оны жаңа деңгейге шығарады. Еңбек нарығындағы өзгерістер бізден қорқуды емес, бейімделуді талап етеді. Бүгінгі жастар технологияны тұтынушы емес, оны жасаушы, жетілдіруші болуға ұмтылуы тиіс. Әр жас өз бағытын таңдағанда тек бүгінгі емес, ертеңгі сұранысты да ескергені жөн. Себебі білім мен үздіксіз даму – болашақтың кілті.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
14 қараша 2025 ж. 109 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№89 (10457)

22 қараша 2025 ж.

№88 (10456)

18 қараша 2025 ж.

№87 (10455)

15 қараша 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 908
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 612

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930