» » Отбасы – тәрбиенің алтын бесігі

Отбасы – тәрбиенің алтын бесігі

Отбасы – негізгі тәрбие мектебі. Халқымыздың «Отан – отбасынан басталады» деуі тегіннен-тегін емес. Халық даналығының қайнар көзі, сарқылмас бұлағы да «отбасы» деген қасиетті ұғымнан бас­талып, ғасырлар қойнауына еніп, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отыр. Ата-бабаларымыздың «Ата көрген оқ жонар, Ана көрген тон пішер» деген мақалының үлкен мәні бар. Баланың идеалы – ата-ана. Жарық дүниеге келіп, көзін ашқаннан көрген, аялы алақанына салып, ақ сүтін берген әке мен ана – баланың басты үлгісі. Өзінің өмірлік тұлғасының моделін де сол шаңырақтың тірегі мен отбасының ұйытқысына қарап қалыптастырады.
Ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Сондықтан күнделікті тіршіліктегі әрбір іс-әрекеті бала тәрбиесіне бағытталып отырады. Баланы 5 жасына дейін хан көтеріп, 5 жасынан 15 жасына дейін өмірлік тәжірибеге машықтандырып, жұмсап, есейген сәтте өзінің досындай сырласуды тәрбие күнделігіне енгізген бабалар дәстүрі қайран қалдырмай қоймайды. Ойын баласына, шаруа баласына, ақыл-ой иесі ретіндегі ересек адамға деген қарым-қатынас негізі осы баспалдақтар арқылы қаланып тұр емес пе?!
Бала тәрбиесі күн тәртібіндегі бас­ты мәселе болудан еш толастаған емес. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас шыбықтың бойына тәрбиенің дәнін егу, оның бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру – әрдайым өзекті мәселе. Қазіргі таңда ата-ана мен бала арасындағы нәзік байланыс, шынайы қарым-қатынас шиеленісіп, өз шешімін таппайтын кездер жиі ұшырасып қалады. Ата-анамен тіл табыса алмаған бала сырттағы дос­тарымен, мектептегі ұстазымен де келісе алмай, болашақта қоғамда да өз орнын таппай, жетімнің күйін кешетіні анық. Сондықтан баламен берік қарым-қатынас орнату, оның әрбір іс-әрекетінен хабардар болып отыру ата-ананың басты міндеті болып табылады.
Бала тәрбиелеуде отбасында болып жатқан жағдаяттың, жаңалықтың, күнделікті өмір барысының маңызы ерекше. Оның негізгі бастауы – ана тілін қадірлеу. Отбасында өзге тілде шүлдірлеген ата-ананың баласы да өзінің ана тіліне немқұрайлы қарап өседі. Тіл білмеген бала туған тарихын білмейді. Ал тарихын білмеген жан тамырын кескен ағаш секілді. Түбін танымай, таба алмай, жел қайда шайқаса солай тербеліп, өзінің негізін ажырата алмай, дүбәра күйге түседі. Сондықтан бала тәрбиелеп отырған ата-ана отбасы, ошақ қасында тек ана тілінде сөйлеп, баламен туған тілінде ғана қарым-қатынас жасауы тиіс деген ойды баса айтқым келеді. Ана сүтімен дарыған, әке тілімен санасына тоқылған әрбір сөз бала тәрбиесіне әсер етер бұлақтың тамшысы секілді. Ол жас жеткіншектің өне бойына таралып, алпыс екі тамырымен бойлап, туған тіліне деген махаббатын маздатып, сөз қадірін білуге, орынды жерде сөзге тоқтауға, ұстамды болуға, сөз тереңіне үңіліп, ата-бабалар өсиетін, ұлағатын танып-білуге жетелейді. Отбасында тілге деген ала-құла қатынас болмаса, соңғы жаңалықтардан көріп, естіп жатқанымыздай, өз жерімізде өзге тілде мектеп, сынып ашуды талап ететін, жеңіл ойлап, өз түбіне үңілмейтін ата-аналар тобы болмас еді.
Әр отбасының өзіндік ерекшелігі, өз заңы, тәртібі бар. Сол заңдылықтар ұлттық құндылықтарға сай құрылса құба-құп. Жалпы, отбасы институты – үнемі зерттеуді қажет ететін, бір жаңалығы екіншісімен тығыз байланыс­ты өрбитін сала. «Ата – бәйтерек, бала – жапырақ» деген ұғымның мәніне үңілер болсақ, атаның, әкенің отбасындағы рөлі өз-өзінен айқындалып шыға келеді. «Бәйтерек» сөзі «зәулім ағаш» деген мағынаны білдіреді. Оның атаға, яғни ер кісіге қатысты теңеу ретінде айтылуы әкенің отбасындағы рөлін айқындап, ер азаматтың «үлкен адам», басты тірек екендігін дәлелдей түседі. Ал әке ба­уырында жайқалып өскен жапырақтың болашақта үлкен діңгекке, діңі берік ағашқа айналуы атасынан алған тәрбиеге, сусындаған нәріне байланыс­ты.
Бала дүниеге келген сәттен бас­тап, оған бесік жырын айтып, тілі былдырлағаннан санамақ, жаңылтпаш айтуға дағдыландыру отбасының тәрбиелік дәстүрге айналуы тиіс. Өсе келе ой-өрісін кеңейтетін жұмбақ шешуге үйрету, мақал-мәтел айтқыза отырып, халық даналығына терең бойлату, тарихи жерлерді отбасы болып аралау, табиғатпен сырласу, табиғатты танып-білу де осы үрдістер қатарынан орын алуы тиіс. Сол кезде қазіргідей логопед іздеп жүгіріп жүрген ата-аналар легі көп болмас еді. Санамақ, жаңылтпаш бала тілінің дұрыс шығуына, оның дыбыстарды, сөздерді дұрыс айтуына ықпал етеді. Ал жұмбақ баланы ойландырады, ол жұмбақтың шешімін табуы үшін ойымен әлемді шарлайды. Жұмбақта айтылған әр сөздің мәніне зер салып, қай заттың, тіршілік құбылысының сипаты екендігін табуға әрекет жасайды. Бұл айтылғандар – баланың сәби кезінен орын алуы қажет отбасылық үрдістер.
Туған жерді танып білу де отбасынан басталады. Үйдің айналасындағы өсімдік атаулы мен қорадағы төрт түліктің қасиетін жанұядағы үлкендер арқылы білген бала құстарға, жәндіктерге қиянат жасамасы анық. Дүниеден өткен бабалар басына тағзым етіп, Құран бағыштау да бала тәрбиесіне ерекше әсерін тигізеді. Сол арқылы бала «Өлі риза болмай, тірі байымайды», «Бабалар рухына тағзым» ұғымдарының мәнін терең түсініп жетіледі. Сонымен қатар, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іліп», ата дәстүрін баладан-балаға жалғастырып, ұлттық тәрбиеміздің алтын жібі үзілмей, арнайы атойлауды қажет етпей, өзінен-өзі жалғасын таба берері сөзсіз. Тек сол жіпті үзіп алмаудың әрекетін тоқтатпаған жөн.
Қоғамда болып жатқан негізгі жағдайларды есі кіріп қалған баламен бірге талқылап, оның ойын білу де тәрбиенің негізгі бағытына жатады. Тіпті, үйге алынатын жаңа зат, бұйым туралы да баланың ойын тыңдап, оның отбасында өзіндік орны бар екендігін сезіндірген абзал. Ата-ана алдындағы дұрыс сөйлеп үйренген бала көпшілік алдында өзін еркін ұстап, қысылмай және жөнімен сөз сөйлеуге дағдыланады. Пікірін ашық айтып, жеке тұлғалық болмысы қалыптасады.
Бала тәрбиесінде үштік одақтың маңызы жөнінде айтпауға болмайды. Ол – ата-ана – бала – ұстаз үштігінен құралған бірлік. Отбасылық тәрбиелік дәстүрде ұстазды сыйлау, құрметтеу мәселесі де алдыңғы қатарда тұруы керек. «Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла» деген өсиетті ұстанған отбасындағы баланың бойында ұстазға деген ерекше сыйластық қарым-қатынас орнайды.
Сонымен бірге, баланың күнделікті өмірде, яғни аулада, мектепте кіммен араласып, қандай баламен дос, сырлас болып жүргенін біліп отыру – ата-ананың міндеті. Адамға әсер ететін фактордың бірі оның қоршаған ортасы екенін ескерер болсақ, баланың кіммен араласатынын білудің маңыздылығы да арта түседі. Үнемі ақыл-кеңесін айтып, жақсы ортаға бейімдеп отыру – бала тәрбиесіне бей-жай қарамайтын ата-ана бойынан табылар қасиет. «Жақсымен сыйлас болсаң, жетерсің мұратқа, Жаманмен сыйлас болсаң, қаларсың ұятқа» деген мақалдың мәні де осында жатса керек.
Ғасырлар қойнауынан екшеліп, таразыланып, бүгінгі заманымызға дейін жеткен халықтық тәрбиелік дәстүрлер алдымен отбасынан басталып, тұрмыс салтымызға дендеп ену арқылы көпшілік сипатқа ие болады. Көпшілік оның кем-кетігін сынап, жөндеп, сарапқа салып барып, өмірлік ұстанымына айналдырады. Сондықтан ұрпақтан-ұрпаққа жеткен, ешбір дәлелдеуді қажет етпейтін, өмірімізге тек оң ықпалын тигізетін мұндай от­басылық тәрбиелік дәстүрлерді қайта жаңғырту – жас ұрпақтың парызы.
Асыл дінімізге сай, ұлттық не­гізде тәрбие беру, тілімізді өр­кен­дету, дәстүрімізді тану жолында ба­ла тәрбиесіне көңіл бөлуден еш шаршамайық. Отбасының қамалы берік болса, Отанымыздың іргесін де ешкім сөге алмайды.
Лаура БАҚТЫБАЙ
01 маусым 2022 ж. 11 798 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 433

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 506

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930