» » » ЖАҒЫМПАЗДЫҚТАН АРЫЛСАҚ, ТҮТІНІМІЗ ТҮЗУ ШЫҒАДЫ

ЖАҒЫМПАЗДЫҚТАН АРЫЛСАҚ, ТҮТІНІМІЗ ТҮЗУ ШЫҒАДЫ

Біз қашанда алдыңғы буын ағаларға қарап бой түзеп, үлгі аламыз. Олардың салып кеткен сара жолы мен өнегесін жалғастыруды мақсат тұтамыз. Ардагерлер ұйымы кешегі қиын-қыстау кезеңде өзін-өзі сақтап қалған, заман өзгерсе де өзінің мән-мағынасын, мазмұнын өзгертпеген жалғыз қоғамдық ұйым десек, артық айтпағанымыз.Өйткені, қоғамның қаншалықты өркениетті, зиялы екені ардагерлерге деген құрметпен өлшенген.Аға ұрпақтың өнегесі, ақылы қоғамға қай уақытта да қажет.Осы орайда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетовпен сұқбаттасудың сәті түскен еді.
  • Ақсақалдарды қоғамның барометрі деп жатамыз. Қоғамдағы түрлі жайттарға өзіндік баға беріп отыратын да сіздер. Осыған сәйкес сіздердің пікірлеріңіз қоғамға қаншалықты әсер етіп жатыр?
Өзімді, дос-жарандарым мен замандастарымды ауылдың қарияларының сөзімен, ғибраттарымен, жыр, әңгімелерін естіп өскендер, солардан тәрбие алған ұрпақ деп санаймын. Біз ар, намыс, абырой, деген ұғымдарды заманымыздың қарияларынан алып өстік... Бұрындары 50 жастағы егде кісіні ақсақал деуші едік. Ал қазір ше? Арамызда «қартаймау керек» деген түсінікпен 70-80 жастан асса да қылмыңдауын қоймайтын ардагерлер де жүр ортамызда, жасыратыны жоқ. Дегенмен қарттық бәрібір адамды жеңетінін естен шығармағанымыз абзал. Біз зиялы қауым өкілі ретінде кез келген мәселеге бейжай қарай алмаймыз. Тәуелсіз Қазақстан күні бүгінге дейін қандай жетістікке жетсе, онда ол бірінші кезекте бірліктің арқасы.  Сондықтан ел ішін ала тайдай бүлдіріп, іштей іріткісі келетіндердің әрекетіне дер кезінде тосқауыл қойылуы тиіс. Әрине, біздікі пікір қосу, ұсыныс білдіру. Оны кім, қалай орындайды, ол алдағы күннің еншісіндегі шаруа. Біздің мақсатымыз – елді ізгілікке шақыру, ынтымаққа ұйыту. Түрлі тақырыпта жиындар мен кездесулерге қатысамыз. Әрбірден соң мұндай кездесулерді өзіміз де ұйымдастырып жүрміз. Талай жиындарда айтып та жүрдік. Жаназада мен құдайыжолыда берілетін астатөк дастарқандағы ысырапшылдық турасында. Осы орайда аудан тұрғындарына үндеу жарияладық. Қазір міне, осы мәселе шешімін тауып келеді. Бұл ардагерлердің қоғамдағы мәселені шешудегі ықпалы десек те болады.
  • Жас кезінде бейнет көріп, қартайғанда зейнет бергенін тәңірден тілеген текті халықтың ұрпағы ретінде ардагерлеріміз бүгінде өз атына лайық болып жүр ме?
  • Бәрі бірдей емес, әрине. Мойындау керек. Біз алдыңғы толқын ағалар адалдық пен тазалықты, туралықты өскелең ұрпаққа үлгі етуіміз керек қой. Солай емес пе?! Кей ақсақалдарымыз шөлмек ұстап, қызық қуып жүр. Одан қалды екіжүзділік пен жалпақшешейлік танытатын кісілер де бар арамызда. Соларды көріп ойға қалам. Олардан келер ұрпақ қандай тәрбие алады, солай жүргеннен не ұтады? Ойлап қараңызшы. Осы жағынан қынжыламын.  Дей тұрғанмен, таяқтың екі ұшы болатынын ескерсек, бүгінде елге ақылын, қажет кезде тоқтау айтатын қариялар жоқ емес. Бар. Оларды тек көре білу қажет. Көптеген игі істердің басы-қасында қариялар жүр. Қария болмаса, тіпті кез келген іс-шара жетім көрінеді. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деп өскен қазақпыз. Қоғамдағы тыныштық, ынтымақ-бірлік, тұрақтылық, алдымен Елбасының сындарлы саясатының арқасы болса, екіншіден, халықтың осы саясатты қолдауы деп есептеймін. Ал, халықты ынтымаққа шақыруда ардагерлердің атқарып отырған тірлігі орасан.
  • Қазіргі жастардың әдебі көпшіліктің көңілінен шыға бермейді. Бұған не себеп деп ойлайсыз? Жастарымыз тәлім-тәрбиені бүгінгі ақсақалдардан алып отыр деп айта аламыз ба?
– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар дана халқымызда. Бәрі де айналып келгенде отбасындағы тәрбиеге байланысты. Біз бала тәрбиесін айтқанда, алдымен мектепті, ондағы ұстаздарды сөз етіп, барлық кінәні тек солардан іздейміз. Баланың тәрбиесін де артып қоямыз. Неге? Әсілінде ол оттың басында көрген тәрбиені бере алмайды емес пе?! Бабаларымыз «Ертеңін ойлаған ел азбайды» деп ұрпақты рухани бір тәлім тәрбиеге үйрете білген.Біз осыны қолға мықтап алуымыз қажет. Ертеректегі секілді немерелерін жиып, шежіреден сыр шертетін қариялар азайып барады. Бүгінгі жастар әдебінің бұзуылына да, оларға дұрыс тәрбие бере алмай отырған мына бізден де кінә бар.
  • Аға буын өкілдері мен жастардың байланысы қалай болуда?
Әрбір ұлттың жүріп өткен жолы, қалыптасқан салт-дәстүрі мен тарихы болады. Біз кешегі мен бүгінгі саралап, жастарға бағыт-бағдар береміз.  Құдайға шүкір, жастармен байланыс жаман емес. Кейбір жиындарда әркім өзі білер деген сияқты ақыл айтуда қалыс қалып, бұғып жататын жайттар да кездеседі. Соның әсерінен бе екен, кейбір жастар оны тыңдайды, кейбірі «не жұмысың барға» басады. Дей тұрғанмен жастардың жүгенсізденіп кетпеуі үшін біз «Жастар ресурстық орталығымен» бірлесе түрлі тақырыптакездесулер мен жиындар өткізіп отырамыз.
  • Өмір өткеліндегі кей сәттерге өкініш сезімі болды ма?
Әрине, болды. Өмір болған соң, ол әр адамның басында болады деп ойлаймын. Мен отбасында жалғыз ұл болдым. Әке-шешем өмірден ерте өтті. Олар менің қызығымды көрмей кетті-ау деген іште бір өкініш бар.
–Сөз соңында не айтқыңыз келеді?
«Отан отбасынан басталады» деген сөз жиі айтылады. Отбасыдағы тәрбие мәселесіне келгенде құрғақ сөзден гөрі нақты іспен айналысатын сәт келген секілді.  Осыған сәйкес биыл біз жоспарлық іс-шараларды қолға алып отырмыз. Нәтижесі алдағы уақыттың еншісінде. Ардагерлер ұйымының басы-қасында жүргендердің дені – кешегі күні еліміздің тәуелсіздігі үшін қызмет еткен зиялы қауым өкілдері, олардың ішінде басшылық қызмет атқарған азаматтар да көп. Олар ешкімнен ештеңені талап етпейді. Қызмет те, мансап та қажет емес. Яғни, біреудің сөзіне алаңдамайтын, арбауына түспейтін, өзіндік пікірі бар жандар. Сөз соңында тек мына нәрсені айтқым келеді, көп ел ағасы сүйекке сіңіп бара жатқан жағымпаздықтан арылса, түтініміз түзу шығары анық.
–Сұқбатыңызға рақмет!
Сұқбаттасқан: Ақнұр САҒЫНТАЙ
04 ақпан 2019 ж. 222 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№29 (9781)

19 сәуір 2019 ж.

№28 (9780)

16 сәуір 2019 ж.

№27 (9779)

13 сәуір 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру!

Хабарландыру!

19 сәуір 2019 ж.

Суреттер сөйлейдi

Қош келдің Наурыз
21 наурыз 2019 ж. 920

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930