» » » Қасиеттің бастауы қайдан?

Қасиеттің бастауы қайдан?

Сізде қандай қасиет бар? Жо-жоқ, мен ондай қасиетті адам емеспін дейтін боларсыз. Адам болып туған соң ешкім қасиетсіз болмайды. Пендені пендеден айрық етер де қасиет. Ол – адамның болмысы, бітімі, бет-бейнесі. Мінез де сол дүниенің бір пұшпағы. Басбұзарлық қылғанға қазақ «қасиетсіз» деп кеииді. Қасиет деген не өзі?
Бәлки, бұл адам бойындағы адамгершіліктің бастауы болар?! Мүмкін пенделік айна. Ғаламтордағы википедия «әжей» бұған – адами сапалық болмыс деп қана анықтама береді. Расымен солай ма? «Ит мені қапты деп, оны қапсам, адамдық аузымда не қасиет қалады» дейді Мұхтар Әуезов. Кейде өзің тәуір көрген, жақын тартқан адамың әбестік қылғанда ісіне қарап қарның ашады. Ал кейде өмірі көңілің толмаған кісі ұсақ-түйек шаруада ірілік көрсетсе көңіл түкпірінің ар жағынан бір нәрсе жылт ете қалады. Жөн болған екен дейсіз еріксіз. Оның бойынан тым болмағанда бір жақсы қасиет ұшырасып қалуы керек қой дейсіз. Алайда кездейсоқ туған бұл екіұдай сезім болымды кісіні қасиетсіз, болымсызын бір сәтте қасиетті етіп жібермейтіні тағы бар. Ой түйіп көріңізші.
Қасиет – нағашыдан дариды. «Үйдің жақсысы – ағашынан, жігіттің жақсысы – нағашыдан» деген соны меңзейді. Абай мен Шәкәрімнің үлкен нағашысы батыр, аузы дуалы би, көк бөріні кие тұтқан – Ер Жәнібек. Шежіре жөнімен таратса, Ер Жәнібектің үлкен нағашысы – атақты қаз дауысты Қазыбек би, өз нағашысы – Сарыүйсін Досымбет батыр. Абайдың әкесі Құнанбай болыс болғанымен жазушы болмаған. Әжесі Зере шығармашылыққа біртабан жақын. Демек ұлы ақынның бойындағы қасиет әжесінен дарыған. Атақты Балуан Шолақтың шешесі Қалампыр үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысқан әйел болғанмен, ерге бергісіз күші бар қарулы кісі екен. Балуан Шолақтың теңдессіз күш иесі болуы осынау анасына тартқандығынан. Сол секілді Шоқан Уәлихановтың да шығармашылыққа жақын қасиеті анасы Айғанымнан берілсе керек. Ал балуан Қажымұқанның туған нағашы атасы Лек балуан ағашты тамырымен жұлып алуға шамасы жеткен атақты балуан болған көрінеді. Үлкен нағашысы Бейсеу де аты мәлім батыр, анасы Кабира аңызға айналған алып күштің иесі. Міне тарихтағы ұлы тұлғалардың дана, ақын, данышпан, балуан болып қалыптасуына нағашы жұртының септігі болғанын аңғару қиын емес. Демек қасиет қанмен келеді, анадан дариды. Интеллект әкеден балаға берілмейді. Демек сіз ғұлама болсаңыз да, басқа болсаңыз да онда ұлыңыз сондай болады деу қате.
Қасиеттің бастауы – тектілік. Қазақ текті жерден қыз алған. Аурушаң жігітке денсаулығы мықты, текті қыз алып берген. Себебі әкесінен баласына бұл дерт өтпейді. Мұнан ер адам нені аңғарады? Егер ұлының ақылын білгісі келсе, әйелінің әкесіне қараған жөн. Ол академик болса, онда сіздің ұлыңыз да академик болады. Ал қызыңыз ақылыңыздың жартысын алады. Интеллекті бойынша ол сізге жақын. Қызыңыздың ұлы сіздің ақылыңызды бүтіндей алады. Ақылды ұрпақ аңсасаңыз, қызым болсын деңіз. Әрине, қазақы ұғымда ер баланы ұрпағымның жалғасы деп санайды. Дегенмен сіздің бойыңыздағы ізгі қасиет қызыңызға беріліп, жиеніңіздің дана болып өсуіне сіздің ықпалыңыз тиеді. Бойыңыздағы ақыл кімнен берілген деп ойлайсыз? Әрине, анадан. Нақтырақ нағашы атаңыздан.
Шетелдік ғалымдар жуырда жаңалық ашып, айды аспаннан шығарды. Бақсақ ауру да 80-90 процент тұқым қуалап, анадан балаға беріледі екен. Қап демеңіз, қан қуалайтын аурудың дені осы жайды жазбай қайталайды. Содан болар қазақ атақты, текті болса да, жеті атадан аспаса да қыз алмаған. Қазақ отбасының өзі бір интитутқа пара-пар. Мәселен, жеті ата. Бұған әлем ғалымдары таң қалады. Себебі қанын осындай жолмен таза ұстаған басқа ұлт жоқ. «Табиғи сұрыптау» тәсілі деп қарасаңыз, қателесесіз. Біздегі ұлт тәрбиесі жеті атадан бастау алады. Жеті ата – қазекемнің текті ұлт екенін ғылыми тұжырымсыз дәлелдейді. Ал оны шетелдіктер баяғыда біліп қойған. Олар қыз алғысы келсе қазақтан алады. Бала асырап алғысы келсе, тағы да қазақтан алғысы келеді. Оның түпкі себебі – тектілік.
Біраз уақыт бұрын редактор сынықшылық тақырыбында материал жазуға тапсырма берді. Қалам мен қағазымды қамдап сынықшы іздей жөнелдім. Тақырыпты шама-шарқымша зерттедім. Сонда байқағаным, сынықшылардың денінде тіке ұрпағына осы қасиет дарымайды екен. Жиенге қонады. Ел ішіндегі әңгімелерге арқа сүйесек, ол да қыздан тараған ұрпаққа жұғады.
Тектілік демекші, жеті атаның ұлт тәрбиесіндегі рөлі бойынша Ресейде ғылыми еңбек қорғаған, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор Советхан Ғаббасовтың жаңалығына бүгінде «құда» түсушілер саны артқан. Ал ғалым қазақтікі қазаққа ғана тиесілі деген принципте. Оның еңбегінде тәрбиенің іргетасы болып саналатын түйсіктік ақыл мен түйсіктік тәрбиенің 80 проценті ана құрсағында ғана жетілетіні айтылған. Оған қоса, санаға бағынбайтын жанның арнасы: түйсік, ұят, сүю, зерде, табиғи қабілет, мінез тек ана құрсағында ашылады. Ал мұның барлығы – адам бойындағы жақсы қасиет.

Түйін
«Тақиялы періште» қазақфильмін көрмеген адам жоқ шығар. Онда анасы ұлына қыз іздейді. Бұл шынайы өмірде де кездесетін жағдай. Ертеректе қалыңдықты ата-ана таңдайтын. Ру сұрасып, «текті жердің қызы екен» деп мақтана айтатын. Қыздың әкесіне қарап, болашақ ұрпағын ойлаған. «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» деген тәмсіл осыдан қалса керек.

Айнұр ӘЛИ
19 қараша 2019 ж. 200 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№6 (9860)

25 қаңтар 2020 ж.

№5 (9859)

21 қаңтар 2020 ж.

№4 (9858)

20 қаңтар 2020 ж.

Хабарландыру

Х А Б А Р Л А Н Д Ы Р У !

Х А Б А Р Л А Н Д Ы Р У !

07 қаңтар 2020 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031