» » «Екінші қол» қайдан келген?

«Екінші қол» қайдан келген?

Second hand 1943 жылы ең алғаш Англияда пайда болған. Қолданысқа енуінің бірнеше факторын атап өтуге болады. Алдымен, еуропалықтардың экономикалық жағдайы әлдеқайда жоғары. Сондықтан олар әр маусым сайын гардеробын жаңартады, тіпті киімдер көнеріп үлгермейді. Ал жаңа кейпін сақтап тұрған киім немесе басқа да мүлікті екінші қолға сату тиімді. Одан бөлек, жоғары сапалы мүлікті дүкеннен жаңа күйінше аса қымбат бағада алуға көпшіліктің жағдайы келе бермейді, ал оларға қолдан алған арзанырақ. Second hand – ағылшын тілінен аударғанда екінші қол дегенді білдіреді. Яғни, әр түрлі мүліктің екінші қолданушысына апаратын жол десек болады.
Әлемжелідегі түрлі жарнама сайттарында Қазақстанның әрбір қаласындағы әрбір нүктеде аталған үлгідегі сатылымдар жарияланған. Жарнамасы жер жаратын шетелдік қолданылған киімдердің бір қапшығының бағасы 10 мың теңге көлемінде тұрады. Бұл сірә, қалтаға жеңіл түсері анық. Мәселен, қазіргі таңда базарда тұрған сапасы төмен кеудешенің өзі кем дегенде 5 мың теңгеден басталады. Ал өлшенген кезде мұндайдың сапалысын небәрі 1500 теңге шамасында қолға түсіреді екенсіз. Кент тұрғыны Гүлнұр Әли бұрын-соңды мұндай тауарды тұтынған. Ал бір оқиғадан соң мүлдем басқаша болыпты.
– Студент кезде рас, көбіне сапалы киім алу үшін секонд-хэндке баратынмын. Әлі күнге сол кезде алған киімдер тұр. Көнерген жоқ. Материалы төзімді. Бірде курстасым көздің жауын алар көйлек алды. Сатып алуға бәріміз бірге барғанбыз. Содан отырыстарға киіп баратын болды. Бірде түнде ол түс көріпті. Түсіне әлгі көйлектің иесі кіріп, мазалайды. Сөйтсе, әлгі қыз сол көйлекпен қайтыс болыпты. Осы оқиғадан соң мен де секонд-хендке бармайтын болдым, – деді ол.
Рас, сапасына сөз жоқ. Бірақ ойда бұған дейін мына киімді кім киді деген сауал туындайтыны заңдылық. Оның үстіне, оның денсаулығы қалай болды, жұқпалысы жоқ па еді?! Кім білсін?! Облыс орталығында осы үлгідегі киімдерді сататын жанмен тілдестік. Аты-жөнін айтқысы келмеген ол есімін де өзгертіп жазуымызды сұрады.
– Бұл киімдер бізге тікелей Еуропадан келеді. Соңғы үлгідегі киімдер де көп кездесіп жатады. Ол жақта ауқатты отбасылар бір-екі мәрте киеді де, арнайы орталыққа өткізеді. Орталық жан-жаққа жөнелтеді. Сөйтіп, бұл киімдер әлемнің түкпір-түкпірін аралайды. Сапасы жөнінен мақтауға тұрарлық. Өйткені, бірнеше мәрте кигеннен сөгіліп кететін бүгінгі жаңа киімдердей емес. Ал бізге тазартылып, үтіктеліп, жап-жаңа күйінше келеді. Тіпті киілген деп ойламайсың. Меніңше, қаншама тазартудан өтіп келген киімнің еш зияны жоқ. Зияны болса, қазір сұраныс та болмайтын еді ғой, – деді сатушы қыз.
Осы күні Англия мен Германия мұндай мүліктерді (киім, көлік, т.б. заттар) бірінші пайдаланушыдан ары қарай өткізуде алдыңғы қатарда тұр. Олардың заттарына тұтынушылардан сұраныс та жоғары. Зат оралар алдында санитарлық өңдеуден өтеді. Бұл жағынан қауіп төндіре қоймасы анық.
Секонд-хэндтегі баға заттың категориясына қарай бекітіледі. Мәселен, келісіне 3-17 еуро аралығында. Еуропада көбіне қайырымдылық көмек ретінде берілген киім-кешек секонд-хэндке өткізіледі. Өйткені, қайырымдылық қабылдайтын орталықтарға көп жағдайда қаржылай көмек қажет болады. Қайырымдылықтан түсетін заттарды өткізуде алдыңғы кезекте Африка елдері тұр.
Бұрындары бір үйдің балалары мектепке бару үшін екі ауысымда оқып, біреуі сабаққа бару үшін екіншісі біріншісін күтуге мәжбүр еді. Өйткені, заман қос бүйірден қысқанда етік алуға қаражат жетпеді. Тауқымет тартқан жылдары бір үйдің балалары осылай киінді. Ал қазір құдды бір тұтас әлем бір үйдің баласындай ма деп қаласың. Өйткені, бірі киген киімді екіншісі алып кие береді.
Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».

15 қазан 2018 ж. 603 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№95 (9847)

09 желтоқсан 2019 ж.

№94 (9846)

04 желтоқсан 2019 ж.

№93 (9845)

30 қараша 2019 ж.

Хабарландыру

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031