ТҰМАУҒА ҚАРСЫ ЕКПЕ ТИІМСІЗ БЕ?

Ақтөбедегі барлық медициналық мекеме халықты тұмауға қарсы жаппай иммундауға кірісті. Өңір халқының биыл 10 пайызына екпе салынады. Ол үшін жергілікті бюджеттен 28 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда, аймақ тұрғындары тұмауға қарсы екпенің тиімсіздігін айтып отыр. Қымбат вакцинаны салдырғандар былтыр бірнеше рет ауырған, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

 Ақтөбеде дәстүр бойынша тұмау және өткір респираторлық вирустық инфекцияларға қарсы жаппай егу басталды. Биыл 84 320 ақтөбелік екпе алады. Ол үшін жергілікті бюджеттен 28 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Алайда, кей тұрғын «бұл ақшаны желге ұшыру» деп отыр. «Жыл сайын тұмауға қарсы егеді. Бұл екпенің пайдасы аз. Жеке пікірім. Дәрігерлер айтқандай, халықтың екпеден кейін ауырмауына еш кепіл жоқ. Мен соңғы екі жыл қатарынан вакцина алдым. Алайда, қыстың ортасында тұмаумен ауырып, кейін асқындырып алдым. Басым ауырып, тамағым бітті. Бірінші жылы ағзама жақпаған шығар деп былтыр тағы да алғанмын. Алайда, өткен жылы да ауырдым. Яғни екі рет шығындалдым. Бірінші, екпе алуға ақша жұмсасам, екіншіден, ауырған соң дәрі алып емделдім. Биыл тұмауға қарсы екпе алмаймын», — дейді қала тұрғыны Светлана. «Екпені тегін алатындар қатарына жатпаймын. Ақшасы барлар ақылы түрде алады ғой. Менің жағдайым жоқ. Бүгінге дейін алған емеспін. Меніңше, екпе «ақша жасаудың амалы» деп білемін. Әр адамның ағзасы әртүрлі. Біреуге жағады, біреуге керісінше. Тіпті, екпе алған адамның иммунитеті төмендеп кетеді дегенді де жиі естимін. Яғни, ағза әлсіреп, өзге аурумен күресе алмайды екен. Ауырсам, сарымсақ пен лимон бар. Өзім емделіп аламын», — дейді Асқар Аман.

Ал, дәрігерлер «тұмауға қарсы екпеден кейін адамның ауруы жеңіл түрде өтеді» деп сендірді. Иммундалған адам көп жағдайда ауырмайды. Ақтөбе облысы бойынша, былтыр 277 адам тұмауға шалдыққан. Барлығы екпе алмағандар. «Былтыр тұмауға қарсы екпе алдым. Биыл да аламын. Бүгінге дейін ауырғаным жоқ. Жалпы иммунитетті арттырады. Балаларымның да барлық екпені толық алуын қадағалаймын. Былтыр ақылы түрде алдым. Өзімнің денсаулығым үшін», — дейді қала тұрғыны Айжан Қадырқызы. «Тұмаудың эпидемиялық маусымы қазаннан сәуірге дейін жалғасады. Қаңтарда ауру өршиді. Сондықтан, тұрғындар вакцинадан бас тартпай, емделу керек. Былтыр облыс бойынша вакцина алмаған 277 адам тұмаумен ауырды. Екпе салдырған адамдар да ауыруы мүмкін. Бірақ, жеңіл түрде өтеді. Бұл дәлелденген. Тұмау — ең қауіпті ауру. Адам иммунитетін азайтып, басқа ауруларға жол ашады. Адам ағзасы басқа аурулардың асқынуына әкеледі», — дейді Ақтөбе облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.

Өңірге Ресейдің «Гриппол» вакцинасының 45 мыңға жуық дозасы келген. Бір доза құны 1700-2500 теңге аралығында. Ал, былтыр Ақтөбеде вакцина салу бағасы 1200-1400 теңге болған еді. «Қазір облысқа 45 мың дозаға жуық вакцина келіп тұр. 32 300-ден астамы тегін салынады. Ал, қалған 12 мыңнан астам екпеге медициналық мекемелер тапсырыс берді. Қалаған тұрғын ақылы түрде егіле алады. Екпенің әсері 2 аптадан кейін білініп, 1 жылға жетеді», — дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Ардақ Орынова. Тұмаудың асқынуы адам ағзасында өзге аурулардың туындауына жол ашады. Науқастың жүрегіне, миына әсер етеді. Сондықтан, «тұмауға қарсы иммундық жүйемді күшейтемін» деген әр тұрғын өзі тіркелген емханаға барып екпе салдырта алады. Дегенмен, 6 ай толмаған сәбилерге, жүктіліктің алғашқы айларындағы әйелдерге екпе салынбайды. Аллергиясы бар жандардың аурулары асқынған кезде екпе жасатпағаны дұрыс. Дәрігердің кеңесі.

Көрудің саны: 352  

Жаңалықтар