СҰРАҢЫЗ, ЖАУАП БЕРЕМІЗ!

Қармақшы ауданының тұрғыны Ильясов Сапар:

— ҚР зейнетақымен қамсыздандырудың өзгерістері туралы қысқаша түсіндіріп берсеңіз?

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасында базалық, міндетті және ерікті деңгейлерден тұратын көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі қызмет етеді.

Базалық деңгейде зейнеткер жасына жеткен адамдарға (ынтымақты (01.01.1998ж. дейін) және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқанын ескере отырып) базалық зейнетақы төлемі (БЗТ) төленеді. Ол еңбек өтіліне және бұрын алған табысына қарамастан, баршаға бірдей мөлшерде белгіленеді.

Міндетті деңгейде зейнеткерлерге бюджеттен ынтымақты (еңбек) зейнетақы және жинақтаушы зейнетақы қорларынан жинақтаушы зейнетақы төленеді.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне өткен кезде (1998 ж.) еліміздің азаматтары үшін оларда 01.01.1998 ж. жағдай бойынша кемінде 6 ай еңбек өтілі  және 1995 жылдан бастап  қатарынан кез келген 3 жыл үшін жалақысы болған кезде бюджеттен ынтымақты зейнетақы алу құқығы сақталды. Толық зейнетақы тағайындау үшін міндетті еңбек өтілі әйелдер үшін 20 жылды және ерлер үшін 25 жылды құрайды.

Зейнетке шығар кезде еңбек өтілі болып, бірақ белгілі бір себептермен табысы туралы мәліметтерді тапсыра алмаған жағдайда ең төменгі зейнетақы мөлшері тағайындалады (ағымдағы жылы 28148 теңге)және Республикалық бюджеттен белгіленген, оған         12802 теңге  базалық зейнетақы төлемімен ескере отырып –40950 тенгені құрайды.

Қармақшы ауданының тұрғыны Қожахметов Асқар:

-Мен 2013 жылдың қазан айында зейнеткеткерлікке шықтым. Жалпы зейнетке шыққанға дейінгі еңбек өтілім 40 жылдан асады. Бірақ зейнетақымды есептеу кезінде  1.01.1998 жылға дейінгі 25 жыл 3 ай еңбек өтілім  ғана есепке алынды. Бүгінгі күні барлық зейнеткерлердің еңбек өтілін есепке алып, зейнетақы мөлшерін қайта қараймыз деп теледидардан айтып жатыр. Менің зейнетақым қайта есептелуге жатады ма?

 

Бүгінгі күні базалық зейнетақы төлемі айлық табысына және  еңбек өтіліне қарамастан зейнеткерлік жасқа жеткенде бәріне бірдей күнкөріс деңгейінің 50 пайыз мөлшерінде тағайындалады.(1.01.2017 жылға 12802 тенге).

Ал, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақыны тағайындау тәртібі өзгереді. Барлық зейнеткерлердің зейнетақысы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады. Еңбек өтілі 10 жылдан кем болса күнкөріс деңгейінің 50 пайызын құрайды. Әрі, қарай стажға жыл қосылған сайын бір жылға 2 пайыздан қосылып, базалық зейнетақы төлемінің ең жоғарғы мөлшері 33 жыл және одан асқан жағдайда  күнкөріс деңгейінің 100 пайыз мөлшерінде тағайындалады.

Мысалға:  Сіздің  жалпы 40 жыл еңбек өтіліңізге байланысты  базалық зейнетақыныздың мөлшері күнкөріс деңгейінің 100 пайызын құрайтын болады.Сонымен қатар, ынтымақты зейнетақы төлемі де сақталады, яғни алып отырған зейнетақыңыздың мөлшері.

 

Қармақшы ауданы, Қармақшы ауылының тұрғыны А.Өтепов:

-Менің жолдасым 2005 жылы көп бала санымен 53 жасында зейнеткерлікке шығып, бірақ сол жұмыс орнында 2008 жылы 58 жасқа толғанға дейін жұмыс атқарып келген зейнеткер, 2005 жылы құжаттарды зейнетақы тағайындауға тапсырған кезде орташа айлығының көлемі аз болғандықтан, қазіргі таңда ең төменгі 37789 теңге шамасында зейнетақы алады. Бірақ, сол жұмыс орнында 2005 жылдан 2008 жылға дейін орташа айлық еңбекақы көлемі өскен, сондықтан зейнетақы көлемін қайтадан қарастыруға қандай мүмкіндік бар?  

Қазақстан Республикасында 20.06.1997 жылғы “Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы” Заңның 9 бап 3 тармағына сүйене отырып, Сіздің жолдасыңызға  5 және одан көп бала туып, балаларын 8 жасқа дейін тәрбиелеген азаматша ретінде жеңілдік шартпен, еңбек өтілі және орташа табысы есебінен 53 жасында зейнетақы тағайындалған.

Осыған орай, зейнетақы төлемі бір рет ғана тағайындалатындығын және қосымша ұсынылған айлық табысы зейнетақы тағайындауға ұсынған айлық табыстан басқа жылдардың  есебінен болса, зейнетақыны қайта тағайындау немесе қайта есептеу қолданыстағы заңнамада көзделмегендігін түсіндіреміз.

 

А.БҰХАРБАЕВА,

 Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің  Қызылорда облысы бойынша департаментінің №1 зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру  бөлімінің бас маманы.

 

 

 

Көрудің саны: 54  

Жаңалықтар