ӨНЕР ЖОЛЫНДАҒЫ ӨРЕН

Қазақ әдебиетінің тарланы Ж.Аймауытов «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген сөзі әрбір жастың санасына орнығуы қажет. Жас жеткіншек өз қалауымен таңдаған мамандығының ғана нағыз шебері атана алады. Бүгінгі таңда мемлекет жастардың тегін білім алуына, жұмысқа орналасуына көптеген мүмкіндіктер жасап қойған. Мұның бәрі де жастардың сапалы білім алып, абыройлы қызмет етуіне жақсы мүмкіндік. Осындай мемлекеттің «Дипломмен-ауылға» бағдарламасымен жұмыс істеп, баспанаға қол жеткізген жастың бірі, екі бірдей мамандық иегері, қазір аудандық оқушылар үйінің «Халық әні» үйірмесінің жетекшісі Берік Байділдаевты әңгімеге тартып, ойларымен, жоспарларымен бөліскен едік.

-Берік Қобыланұлы, өзіңіз білетіндей мемлекет қазір жастарға көп мүмкіндік жасауда. Оқыған мамандығыңыз да осы бағдарламаға кіреді. Өз мамандығыңызды қалай таңдадыңыз?

-Менің әкем Қобылан Байділдаев күй тартады. Мен бала күнімнен әкеме еліктеп, өнерді ұнатып өстім. Әкем «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Ертеректе аудандық музыка мектебінде жұмыс жасап, түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Өнердің не екенін сол әкемнен үйренген болатынмын. Мектепте оқып жүргенімде тарих пәнін сүйіп оқып, есепті жақсы шығаратынмын. Кейін мектепті бітірген кезімде ата-анам экономист боласың деп, сол кісілердің айтуымен Қызылорда инженерлік-экономикалық колледжінің «Экономика» мамандығы бойынша оқуға түстім. Колледжде оқып жүргенімде өнерден алыс кетпедім. Өнер жолында жүрген термеші Марат Сүгірбаев, Күнсұлу Түрікпен, Серік Жақсығұлов, Руслан Ахметов, Шолпан Бәйімбетова, Айдос Рахметов аға-апаларыммен бірге концерт беруге шығатынмын. Барлығымыз да термешіміз. Колледжді бітіргеннен кейін жырау Алмас Алматов аға менің талантымды бағалап, Қорқыт ата атындағы университеттің дәстүрлі музыка өнері мамандығын оқып алуыма шақырды. Сөйтіп, 2011 жылы ол мамандықты жартылай грантта оқып, 2015 жылы бітіріп шықтым.

-Бәрекелді! Сол өзіңіз сүйген аспаптардың жемісін көріп келесіз. Қазіргі таңда жасап жатқан жұмысыңыз бен аталған бағдарламаға қатысқан қуанышыңызбен бөліссеңіз.

-Аллаға шүкір, өзіңіз айтқандай, осы музыкалық аспаптар маған өз жемісін беріп келеді. Мен 2016 жылы аудандық оқушылар үйіне жұмысқа тұрып, «Халық әні» үйірмесінің жетекшісі қызметін абыройлы атқарып келемін. 48 баламен 4 топ бойынша аптасына 3 күн жұмыс жасаймын. Ізбасарларыма күйтабақпен, домбырамен ән салуды, көбіне эстрадалық әндерді айтуды үйретемін. Олар менің үйреткенімді бірден қағып алып отырады. Жақында аудандық «Бозторғай» іріктеу байқауынан Рамазан Қанаев деген шәкіртім өтіп, облысқа жолдама алды. Сонымен қатар, Көркем, Зарина, Ақшақат, Әсел есімді шәкірттерім аудандық байқаулардан түрлі орындарды иеленіп жүр. Осындай жетістіктеріммен және өзімнің тынымсыз еңбегіммен былтыр жыл қорытындысымен «Үздік үйірме жетекшісі» атандым.

Ал, бағдарламаға келетін болсақ, мамандығым сәйкес келгендіктен аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне құжаттарымды өткізіп, үй алуға арнайы қаражат бөлді. Биыл Алланың қалауымен баспаналы болдым.

-Сіз жалпы шәкірт тәрбиелеп, концерт беріп қана қоймай, той басқаратын асабалық қызметті де қатар алып жүріп, Сыр жұртшылығына танылдыңыз. Ол өнерді қай кезден бастап, қолға алып, тойларға шығып жүрсіз?

-Иә, расымен де. Мен тек шәкірттеріме өз өнерімді үйретіп қана қоймай, тойларды да басқарамын. Алғаш рет асабалық істі әкемнің туған інісі Рүстем ағамнан (кезінде аудандық мәдениет үйінің директоры, кейін Жалағаш ауданы мен Тереңөзек кентінде клуб үйін басқарды) үйрендім. Ол мені 2006 жылы студент кезімде қасына ертіп жүретін. Өзімде өнерге жақын болғандықтан той басқарудың қыр-сырын жақсылап үйреніп кеттім. Содан 2009 жылдан бастап тұрақты асабалық міндетті мойныма алып, жеке шықтым. 2010 жылы Назарбек Хасенов деген ағам Қызылорда қаласына шақыртып, қалада тойларды басқарып жүрдім. Қазір де облыс ішінде той қабылдаймын, соның ішінде Қызылорда қаласында той өткізген ұнайды. Бір жағынан сол жақтың да тұрғындары мені тойларын басқарып беруге көп ұсыныс жасайды. Мен асаба болғалы тек Сыр өңірінде ғана емес, сырт қалаларда да той басқардым. Оның ішінде Ақтөбе, Атырау, Шымкент, Астана, Алматы қалаларында болдым.

-Берік Қобыланұлы, біздің оқырмандарымыз отбасыңызбен танысқысы келіп, қызығушылық танытатын болар. Сол жайында айтып өтсеңіз?

-Мен 1987 жылы қараша айының 3 жұлдызында Жосалы кентінде дүниеге келдім. Орта мектепті 2005 жылы тәмамдап шықтым. Оқыған оқу орындарымды жоғарыда айтып өткендіктен қайталамай-ақ қояйын. Содан бертін келе, 2012 жылы Гүлзат есімді арумен бас қосып, Аллаға шүкір бүгінде Бейбарыс, Айымжан, Айару есімді қылықты бүлдіршіндерімді тәрбиелеп отырған әкемін. Жарым екі мамандық иегері. Қазір бала күтімімен үйде отыр. Отбасымызда сүйікті ата-анам және асыл жарым мен кішкентай бөбектеріммен бірге тату-тәтті тұрамыз.

-Өзіңіз өмірде нені ұнатасыз?

-Жалғыз қалып, шығармашылықпен айналысқанды жаным сүйеді. Оның ішінде домбыра тартып, ән салғанды, терме айтқанды ұнатамын.

-Хоббиіңіз не?

-Менің хоббиім-шахмат ойнау. Мектепте оқып жүргенімде облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып келетінмін. Қазір жарысқа бармасам да шахмат ойнағанды жаным қалайді.

-Алға қойған жоспарыңызды айтсаңыз?

-2015 жылы А.Тоқмағамбетов атындағы Қызылорда қалалық мәдениет үйінде Сыр елінің республикаға белгілі өнер иелерінің қатысуымен «Жан шуақ» атты қайырымдылық кешін өзім ұйымдастырып, өткізген болатынмын. Алдағы уақытта да осындай кеш өткізсем деген жоспарым бар.

-Кімге алғыс білдіресіз?

-Қазақ елін басқарып отырған Елбасыға алғысым шексіз. Қазір еңбек етіп, көтерме жәрдемақыма дейін алып, үлкен баспанаға қол жеткіздім. Осының бәрі сол Елбасының арқасы деп білемін.

-Әңгімеңізге рахмет!

А.КЕТЕБАЙ.

Көрудің саны: 197  

Жаңалықтар