ҮЛКЕН АРМАНДАР-ҮЛКЕН ІСТЕР БАСТАУЫ

Сыр елі халқы қашан да жыр десе ішкен асын жерге қойған. Иісі түркіге ортақ тұлға-Қорқыт абыздың жамбасы жерге тиіп, мәңгілік байыз тапқан Қармақшы жұртшылығының жырға деген пейілі мен көңілі алабөтен.

Өткен ай қармақшылық өнерсүйер қауым үшін есте қаларлық болды. Мәдениет үйінің киелі сахнасында республикаға танымал жыршы, жыраулардың шығармалары орындалып, бір сәт ғажайып өнер мерекесіне айналды. Осы жыр фестиваліне Астанадан арнайы келген «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», әйгілі жырау, Сыр сүлейлерінің сұңғыла жалғасы Алмас Алматовпен сұқбаттасудың сәті түскен еді.

-Алмас аға, киелі мекенге қош келдіңіз. Қазақтың ғана емес, сонау Мәскеу, Париж, Франция, Италия, Швейцария, Монғолия, Самарқант сахналарында халқымыздың ғасырлар шежіресінен сыр шертетін жыраулық өнердің көркін қыздырып, адамзат мәдениетінің асыл мұрасын таныта да, оған тәнті ете де білдіңіз. Өзіңіздің туған Сыр елінде жанашыр азамат ретінде тарихтан тін тартқан жыраулық өнерді жоғары деңгейге көтердіңіз. Әңгімеңізді осыдан тарқатсаңыз?

-Егеменді еліміздің, дербес мемлекетіміздің, Мәңгілік Қазақстанымыздың мақсаткерлігі, рухани азаткерлігі-терең тарихымыз бен мәдениетімізге өзек болған, ХХІ ғасырдың үлкен жаңалығы, тарихи баспалдағын тоғыстырған біздің жыраулық саф өнерімізден бастау алады. Ол сонау Тоныкөк, Күлтегін сынды көне жазбалардан тін тартады. Жыраулар-тарихтың тірі куәгерлері. Тәуелсіздік аспаны астында жыраулық өнердің туы тік көтерілді. 500-ден астам батырлық жырларымыз ән, әуен, мақамсаз  жөргегіне бөленіп, халқымыздың баға жетпес рухани қазынасы мен қазығына айналды.

Ұлтымыздың біртуар ұлдары Әлкей Марғұлан, Рахманқұл Бердібаев, Мардан Байділдаев секілді ағаларымыз біздерді осы бекзат өнерге әлдеқашан дайындап-ақ қойған-ды.

-Республикада жыраулық өнердің туын көкке көтеріп, оған ерен еңбек сіңіргеніңізді жақсы білеміз?

-1998 жылдың 21 маусымындағы ҚР Білім және ғылым министрлігінің №115 бұйрығына сәйкес мемлекеттік стандартпен бекітіліп, жоғары оқу орындарында арнайы кәсіптік білім беретін мамандық есебінде тіркелдік. Нәтижесінде дәстүрлі өнер-жыр мамандығын оқу, өндірістік, педагогикалық аспектілерінде оқу-зерттеу жұмыстары қолға алынды. Осы жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанынан «Дәстүрлі өнер-жыр» кафедрасын ашуға аянбай еңбек еттік. Көптеген шәкірттер тәрбиелеп, ата-бабаларымыздың ерлік істерін, елдік қасиеттерін жастар бойына дарытуға жұмыс жасап келеміз. Біздің ұрпағымыз ұлттық дәстүрмен сусындап, оның мәйегін сіңіріп өсулері қажет. Бүгінгі таңда «Дәстүрлі музыка мен өнер» түрлері бойынша (ән, жыр, күй, айтыс) Қазақ Ұлттық Өнер академиясы жанынан «Дәстүрлі өнер» факультеті болып құрылдық. Жоғарыдағы мамандықтардың мамандану жүйесі әлем әртісі Айман Мұсаходжаеваның басшылығымен жүзеге асырылуда.

Қазіргі кезде Қармақшы ауданында бірнеше дәстүрлі жыр мектептерінен тұратын Көшеней Рүстембеков атындағы Жыраулар үйі жұмыс жасайды. Айта кетерлігі, бұл республикамыздағы тұңғыш жыраулар мектебі. Қызылордада дәстүрлі жыр өнері музыкалық колледждер, жоғары оқу орындарында бакалавр және магистратура деңгейінде білім алудың жан-жақты мүмкіндіктері қарастырылған. Талантты жырау қызымыз Күнсұлу Түрікпенова «Көрғұлы» дастанының тарихи және мақамсаз ерекшеліктері»  (мамандыққа оқытушы Алмас Алматов) және екінші қызымыз қазалылық Ақерке Дабылова «Едіге» жыры бойынша «Едіге» жырының тарихи және мақамсаз ерекшеліктері» тақырыптарында магистрлік дәрежені үздікке қорғап, екеуі де өнер ордасын қызыл дипломмен бітіріп шықты (мамандыққа оқытушы Елмұра Жаңабергенова). Осылайша, біз дәстүрлі жыр мамандығының 3 деңгейлі үздіксіз білім алу жүйесін қалыптастырдық. Бұл Қызылорда облысы көлемінде жүргізіліп жатқан ерекше жұмыстар.

Сыр елі тоғыз тарау жол мен тоқсан тарау тағдыр тоғысқан киелі мекен екенін ескерсек, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған осындай қозғалыс пен рухани сілкініс тек тарихи тамырымызға барып тіреледі.

-Өткен жылы алпыс жылдық мерейтойыңызда «Шыңғыснама» тарихи дастан және «Жыр керуені» кітаптарыңыздың тұсауы кесілді. Сол мерейтойда аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев: Моңғол елінің азаматтары Шыңғыс ханға  арнап тастан теңдесі жоқ ескерткіш орнатқан болса, қазақ жырауы Алмас Алматов міне, тас мүсіннен де құдіретті, ұрпақ жанына жырмен нұр құятын, күнде оқып, күнде сырласып отыруға мүмкіндік беретін рухани құнды алып ескерткіш жасады,-деп баға берген болатын.

-«Шыңғыснама» төрт томдық кітаптың алғашқы бөлімі. Бұл-дастан он жыл бойғы еңбек жемісі. Бұдан кейінгі бөлімдер «Жошынама», «Алашнама», «Қазақнама» деп аталады. «Жыр керуені» кітабым  асқаралы алпыс жасқа келгенімде осы уақытқа дейін  шығармашылығымда халқыма не бердім, нендей істер тындырдым деген есептік топтама десем болады. «Шыңғыснама» музыкалық эпосы он екі  шәкіртімнің орындауында тоғыз күйтабаққа басылды.

-Ұлтымызда арқа, кие деген сөз бар. Ол әсіресе, шығармашылық адамдарына тән құбылыс.

-Ол қанның қасиетіндегі әке күшімен, ана сүтімен келетін артықшылық.

Отбасында ұлағатты сөзге ден қойып, мән беруге үйреткен әкеміз бен анамыз. Ол кісілердің шыққан тегі мен әулеті де солай тәрбиеленген жандар болды. Міне, біз өмір ағынында осы аяулы жандардың салып берген сара жолымен қадам басып келеміз.

-Дәстүр дегеніміз не?

-Дәстүр-біз айтып отырған терең тарихымыз бен мәдениетіміздің асыл діңгегі, бүгінге жеткен жемісі, ата мұрамыз. Өнер-мұрагер ұрпақтары арқылы дәстүрлік сипатқа ие болады. Сыр бойындағы ата-бабаларымыздан мирас болып келе жатқан өміршең өлеңнің, саз бен музыканың санаға сіңіп, ұрпақтан ұрпаққа таралып отыруы-халқымыздың этнографиялық, генетикалық ерекшелігінің айқын қасиеті.

-Сыр бойында түркі халықтарының дәстүрлі музыка университетін ашсақ деген жоспарымыз бар. Ол түркі халықтарының өнерін, мәдениетін зерттеп, оларды өзара табыстыратын оқу орны болуы керек.

-Әңгімеңізге рахмет.

Сұқбаттасқан Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ.

Көрудің саны: 10  

Жаңалықтар