КЕЛІН КҮНДЕЛІГІ

Анамның маған берген тәрбиесіне күні бүгінге дейін алғыс айтамын. Ол кісінің қасында жүріп кей дүниелерді қолыммен жасамасам да, көзбен көргенімнің бәрі келін болып түскелі қажетіме жарап келеді.  «Бір жағымда жүр» деп жанынан шығармай жүріп айтқаны мені қыз бала тағдырының бір белесіне, алдағы үлкен өмірге дайындағаны болар.

Иә, қыз баланың анасына қарап еліктеп өсетіні, тәрбие алатыны бесенеден белгілі. Абай атамыздың «Шешеңнің берген ақылын құтысына миыңның сындырып алмай, шақтап құй» деген қанатты сөзі менің өмірлік ұстаныма айналғандай. Сондықтан анамның әркез айтқан ақылының жадымда жатталып қалуын қалаған едім. Соның нәтижесін енді байқап келемін. Сондықтан бүгін анамның маған берген тәрбиесінің бірсыпырасын әңгімелеуді жөн санап отырмын. Пайдаңызға жараса құба-құп.

Анам айтатын алғашқы ақыл-кеңестерге тоқталайын. Бірінші сөзді «кіреберіс бөлме үнемі таза тұруы тиіс» деген өнеге сөзінен бастасам деймін.  Себебі,  келген қонағың үйге кіре бергенде шаң басып жататын болса, аяғын шешпестен төр бөлмеге кіре салуы мүмкін. Ал егер кірген жерің таза болса, аяқ киімін төрге шығарып шешуден именетін болады. Бұл, рас дүние. Бәзбіреулер үшін болмашы нәрсе болуы мүмкін. Теңіз тамшыдан құралатынын ескерсек, бұны тек тәрбиенің алғы сөзі дер едім.

Қыз бала болған соң үй тазалығы, әрине бізге жүктеледі. Анам мені бала күнімнен үй тазалығына үйретті. «Қыз бала бір күніне бір мезгіл  сыпырғы ұстауы керек» деген сөзді жиі айтады. Ал, айтқанын орындамасақ,  «сыпырғы бүгін орнынан қозғалмапты ғой» деп айтатын. Осы сөзді естімес үшін барымды салып үй шаруасын атқарушы едім.

Алғаш келін боп түскен кезімде бұрын жасап көрмеген кей дүниелер де  кездесіп жатты. Бұрын-соңды сол жұмысты жасамасам да анамның «бір жағында жүріп» қалай жасайтынын көзбен көріп жүретінмін. Солайша еш қиындықсыз шешемнің жұмысты қалай істегені көз алдыма келе қалатын. Мен де тура соны қайталайтынмын.

Кей күндері еркелікке салынып «қойшы, істемей-ақ қояйыншы» дегенде де анам менің көңілімді жықпайтын. Әйтсе де, «қасымда жүр» деп жанына отырғызып қоятын. Осылайша мен болашақ өміріме қажетті азықты жинаған екенмін.

Сөз соңында айтпағым мынау. Қыз бала болашақ өміріне ерте бейімделгісі келсе, анасының тілін алуы, бір жағында жүруі қажет. Бұл оның келешегіне керекті дүниелер. Сол себепті аналарыңыздың айтқанын орындап, олардың кеңестерін көкейіңізге түйіп жүрсеңіз жаман болмасы анық.

Ақнұр САҒЫНТАЙ.

Көрудің саны: 449  

Жаңалықтар