КӘСІПКЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨП

Сәрсенбі күні аудандық К.Рүстембекұлы атындағы жыраулар үйінде Қызылорда облысының Кәсіпкерлер палатасының Қармақшы ауданы және Байқоңыр қаласындағы филиал директорларының кәсіпкерлер алдындағы есепті кездесуі болып өтті. Кездесу жиынын Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қожахмет Әбілқайырұлы ашып, жүргізіп отырды.

Есепті кездесуде алғаш сөз тізгінін аудан әкімінің орынбасары Әділ Қошалақов алды. — Еліміз егемендігін алып, дербес мемлекет ретінде қалыптасқаннан соң нарықтық экономикаға бет бұрғанымыз белгілі. Жаңа жүйеге орай кәсіпкерлерге де мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар көрсетіліп келеді. Ауданымызда да кәсіпкерлердің саны артып, кәсібін дөңгелентіп отырғандары жетерлік, -деді.

Келесі кезекте аудандық прокуратураның аға прокуроры Мұхтар Ерлан Маратұлы кәсіпкерлердің құқығын қорғау турасында атқарылған шараларға қысқаша тоқталып өтті.

Елбасы шағын және орта бизнесті дамыту — ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы екендігін ерекше атап өткен болатын. Осы орайда, аудандағы кәсіпкерлікті дамыту жұмыстары жөнінде облыстық Кәсіпкерлер палатасының Қармақшы ауданындағы филиал директоры Абзал Шоқбаров есепті баяндама жасады. -2017 жылдың 1 қыркүйегіне дейін 3236 кәсіпкер тіркелсе, оның 2323-і қазіргі таңда өз жұмысын жасап келеді. Өткен жылмен салыстырғанда жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің үлесі 109,2%-ға өскені байқалады. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы-2020», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы»  аясында халықты кәсіпкерлік негіздеріне оқытып үйрету түрлі жобалар бойынша жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, «Бизнес-кеңесші» жобасы аясында 61 адам оқып, сертификат алса, олардың 6-уы 21,8 млн. теңге көлемінде несие алып өз кәсіптерін ашып, жұмыс жасауда. «Бастау Бизнес» жобасына сәйкес 107 адам оқытылып, арнайы сертификатқа ие болды,-деп 9 ай көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Мұнан соң Байқоңыр қаласындағы филиал директоры Асылхан Жолашовтың есебі тыңдалды. -Филиал 2017 жылдың қаңтар айынан бастап кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жұмыс жасап келеді. Байқоңыр қаласында кәсіпкерлікпен айналысу үшін осы қала федералдық салық қызметіне тіркеліп, Ресей заңнамалары арқылы жұмыс жасайды. Қазіргі таңда филиал Байқоңыр қаласына жақын орналасқан Төретам кенті және Ақай ауылы кәсіпкерлерімен тұрғындарына мемлекеттік бағдарламалар бойынша қызметтер көрсетуде. Ағымдағы жылы филиал директоры мен кеңесшісі кәсіпкерлер мен кәсіпкер болуға ниетті 448 тұрғынға мемлекеттік бағдарламалар жөнінде 1344 кеңес берді. Кеңес алушылардың басым көпшілігі жұмыссыз жастар. Жыл басынан 5 жоба мақұлданып, оған жалпы құны 20,5 млн. теңге қаржы бөлінді. Жобаның барлығы Ақай ауылы кәсіпкерлеріне тиесілі.

Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының Қармақшы ауданы филиалы жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Балмаханов Балахан кәсіпті бастау үшін жақсы мүмкіндіктер қарастырылғанын тілге тиек етіп, кеңестің негізі мақсаты жайлы әңгімеледі.

Жиында жас кәсіпкер, Ақай ауылының тұрғыны Майра Ибраева «Бизнес Бастау» жобасы аясында  сертификат алып 1 млн. теңге  жеңілдетілген несиемен шағын тігін шеберханасы ашқанын қуанышпен жеткізді. Ол филиал басшылығының кеңес беріп, қолдау көрсеткеніне алғысын білдірді. Сонымен бірге, кәсіпкер Әскербек Тәнкеев, Қаракөз Қыдыровалар да сөз сөйлеп, өз тараптарынан кәсіпкерлерге көрсетіліп отырған мемлкеттік қолдауларға ризашылықтарын жеткізді.

Ақнұр САҒЫНТАЙ.

Көрудің саны: 103  

Жаңалықтар