АСТАНАДА ЖОЛАҚЫ 3800 ТЕҢГЕ БОЛУЫ МҮМКІН БЕ?

Өткен аптада Астана қаласының әкімдігінде өткен жиналыста қоғамдық көліктегі жолақы құнын 3 800 теңгеге дейін көтеру мәселесі қаралған. Алайда ОКҚ-де өткен брифингте қалалық Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов аталған мәселеге қатысты сұрақтарға жауап бере алмады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Бекмырза Игенбердинов БАҚ өкілдерінің сұрағына нақты жауап бере алмады. Брифинг біткеннен кейін журналистер «3800 теңге деген қайдан шықты?» деп өз сауалдарын жолдады. «Бұл дөңгелек үстел барысында айтылған концептуалды тұжырым. Онда бізге қоғамдық көліктерді қаржыландырудың моделі мен цифрларын қараңдар деп тапсырма берілді. Қазіргі таңда жұмыс тобы осы мәселені зерттеп жатыр», — деді ол.

Алайда БАҚ өкілдерінің бұл сұрақтың жауабына көңілдері толмады . «Сіздер «Нұр Отан» партиясына берген цифрларды қайдан алдыңыздар?» — деді журналистер. «Сіздерге толық, түсінікті жауапты дайындаймыз. Біз қаржылық моделді талқылап жатырмыз. Оны біз сіздерге кейін айтамыз. Бірақ қазір мен сіздерге жауап бере алмаймын. Болды», — деді қалалық Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы. Айта кетейік, осыған дейін elorda.info агенттігі қала билігі қоғамдық көліктегі жолақыны коммуналды қызмет есебінен төлеу бастамасы ұсынылғаны туралы ақпарат таратқан.

Онда қаланың қоғамдық жүйесін дамытуда BUS/км жүйесі енгізілмек. Аталған жүйе бойынша қоғамдық көліктегі жолақы құны коммуналды қызмет есебінен алынады. «Біз қоғамдық көлік жүйесінде ақша ағынын ашық түрде жүргізетін жаңа жүйені ұсынамыз. Ол шығындарды әрбір пәтер үшін 3857 теңгеге дейін қысқартады. Яғни мемлекеттің субсидиясын 3 есеге дейін азайтады. Ол BUS/км жүйесі, яғни қоғамдық көліктегі жолақысы Астана ЕРЦ арқылы төленеді», — деген болатын «Астана LRT» ЖШС Басқармасы төрайымының міндетін атқарушы Жанна Ақжанова дөңгелек үстелде.

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Астана әкімі Əсет Исекешев қаладағы қоғамдық көлік саласын дамыту мəселесін көтерген. Ол жолақыны 300 теңгеге дейін көтеру немесе тегін ету туралы ұсыныс айтқан.

Көрудің саны: 68  

Жаңалықтар