ҚАРТҚА ҚОЛКӨМЕК КӨРСЕТТІ

Бүгінде жастар арасында қарттарға қолкөмек беру жақсы дәстүрге айналып келеді. № 105 мектеп-лицейдің оқушылары үшін мұқтаж қарттарға көмек беру әдетке айналған. Үлгілі мектептің ұстаздары мен оқушылары бұл бастаманы бұрыннан қолға алған.

Жақында мектеп тәлімгері Айгерім Айтбаева мен жетекшісі Сәулет Игенбаевпен  бірге 9 «а» сынып оқушылары ардагер ұстаз, 85 жастағы зағип жан Қатша Қараеваның үйіне барып, қол көмек берді. Қыз балалар үй ішін тазартса, ер балалар ауласын ретке келтіріп, отынын жарып, суын тасыды.

— Игі істің жақсы дәстүрге айналып келе жатқаны қуантады. Балалардың тарапынан да қызығушылық зор. Мұндай көмекке зәру жандардың бір ауыз жылы сөзі мен ақ батасы балаларды жігерлендіреді,”- дейді мектеп тәлімгері Айгерім Айтбаева.

Иә, осындай іс-шаралар балалардың бойында мейірімділік,үлкенге құрмет секілді қасиеттерді қалыптастырады. Өнегелі әңгіме айтып, тура жолға бағыт беретін қарттардың қатары жыл санап азайып барады. Оларға тек мерекелер, белгіленген күндерде емес, әрдайым көмек қолымызды беріп, құрмет көрсету парыз.

Г.ӘМІРҚЫЗЫ.

Көрудің саны: 740  

Жаңалықтар