АНТ АУДАНЫМЫЗДА БОЛДЫ

1992 жылы 18 қазанда Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматы қаласында Рухани келісімнің бірінші әлемдік конгресі өтті. Конгреске қатысушылар қазанның 18-ін рухани келісім күні, қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтам салу күні, татулықты іздеу күні, жақынға қайырымдылық және көмек күні деп қабылдаған болатын. Содан бері жыл сайын елімізде осы айтулы күн аясында түрлі шаралар атқарылып келеді.

Осыған сәйкес Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында 18 қазан «Рухани келісім» күніне орай сәрсенбі күні аудан әкімдігінде арнайы құрылған облыстық ақпараттық насихат мүшелерінің қатысуымен жиналыс болып өтті.

Жиналысты аудан әкімінің орынбасары Мәжит Сәмитов ашып, жүргізіп отырды.

Шараға облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» директоры Бақытжан Камалов, «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының Қызылорда облыстық филиалының кафедра меңгерушісі Баймырза Қожамберлиев, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Жасұлан Алдабергеновтер мен бірқатар сала қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, кент тұрғындары қатысты.

Ақпараттық насихат топ мүшелері ел бірлігін нығайту, рухани толерантты болу және дін мен дәстүр сабақтастығын меңгеру, қоғамдағы діни сауатсыздықты  жою, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану турасындағы мәселелерді көтерді.

Кездесу соңында қатысушылар сұрақтарын қойып, оған тиісті жауап алып, келген қонақтарға алғыс білдірді.

Сол күні ақпараттық-насихаттық топ мүшелері аудандық аграрлық-техникалық колледжде білім саласы қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Шараны аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Серік Айдаров ашып, жүргізіп отырды.

Кездесу барысында топ мүшелері, облыстық дін басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Қарабалаев, облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығы директорының орынбасары Аралбек Боранбаев және «Сыр дидары» газетінің бас редакторы Сәкен Алдашбаевтар оқушылардың мектеп формасы мен дін атрибутикасы, сонымен бірге мектеп шәкірттері арасындағы діни ұстанымдар, дін мен мектеп және ата-ана арасындағы діни түсініктер, ҚР-ның дін саласындағы мемлекеттің 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы жайлы әңгімеледі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы ұлттық құндылықтар туралы айтты.

Кездесу барысында сала мамандары Рауа Бүркітбаева, Жұлдыз Әбділова, Гүлнұр Телеубаева, Талғат Бұқпанов, Құндызай Жарбасова және басқалар тақырып бойынша өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар алды.

Ақнұр САҒЫНТАЙ.

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ.

Көрудің саны: 119  

Жаңалықтар