АҒА ТУРАЛЫ ҮЗІК СЫР

Ілгергіден қалған сөз «Бір нәрсені ұмыт — біреуге істеген жақсылығыңды ұмыт. Бір нәрсені ұмытпа — біреуден көрген жақсылығыңды ұмытпа»- деп отырар еді шежіреші ақсақал Ләтіп қожа Мірәшімұлы (1912-2001). Ол сөзді әрі қарай «тәпсірлеп»; жақсы менен жаманның, обал мен сауаптың, ақ пен қараның ара жігін безбендеп, бір ауыз сөздің қауызына сыйғызып, жіктеп жеткізгенде -«ойпырмай, біз не оқып жүрміз?» -деп ойланып қалатынмын. Ол кісі «Тауелібайға» «Бұлбұл Ләтіп» атанған сөз зергері еді. «Күреспей тұрып айқайлаған жығылып тынадының» кебі. «Ұрандап» жүріп, ұлағатты сөзден бос қалатын түріміз бар. Әсіресе, әкемнің өмірден өтуі (Нұрмахан қожа 1900-1975) маған, бүтін бір дәуір үзіліп түскендей әсер етті. -Заманамен жекпе-жек қалдық. «Халықтың қамын ойласаң, қардарың соның ішінде» деген сөзді әкеміз өнеге қылып жиі айтатын. «Ендігі ісім, осы болсын!»- деп талаптың тұлпарына мінген уақытымыз. 1976 жылдың шілде айы. Екі жылдық әскери міндетімді өтеп келіп, «Жаңақала» кеңшарында, «Қарақ» атты ауа райын бақылайтын мекемеде агротехник болып жұмыс істеп жүрмін. Аудан орталығынан жүз отыз шақырым, Қызылқұмның ішіндеміз. Бастығым, өзімнен үлкен ағам Серік Алматов (1952-2006). Бұл кісінің жұмысқа талабы әскери тәртіппен бірдей. Беретін айлығы кеңшардың айлығынан екі есе көп. Азық-түлік, қосымшасы тағы бар. Бір үйден екі адам жұмыс істегесін болар, жағдайымыз жақсы. Сөзімді сөйлеп, қошеметтеп отыратын әкемнің қайтыс болғанына бір жыл болған. Ал, өзімнің көңілім — жүйрік ат қосып, жыр жырлап еркіншілікте болғанды ұнатамын. Бір күні кеңшар директорының орынбасары Жалмағамбетов Нәби ағам шақыртып алып: — Алмас, таңертең рациядан хабарлады. Сені аудан орталығына шақыртып жатыр. Райкомда Тұрсынбек Бекпанов ағаңа барасың. Аржағын олар түсіндіреді. Ауданға жүретін көлік дайын. Бір сағаттан соң шығып кетіңдер!-деп тапсырма берді. Торға түскен тотыдай болып жүр едім, жақсы болды. Аудан орталығына келіп айтылған уақытында белгіленген кабинетке кірсем үстел басында екі адам отыр екен. Сәлем беріп, шақыртумен келгенімді айттым. Бірі өзіме таныс аудандық партия комитеттің нұсқаушысы Тұрсынбек Бекпанов, екінші кісі таныстыруды күтпей-ақ шалт қимылдап, орнынан ұшып тұрып: — Айналайын, аман-есен жеттің бе? Мына жерге отыр!- деп өзіне қарама қарсы орындықты нұсқады. Қаршығадай қараторы кісі бірден әңгімесін бастап жіберді: — Менің аты-жөнім Мардан Байділдаев (1926-1995). Алматыдағы Ғылым Академиясының қызметкерімін. «Жаңақаладан» келсең мына кісілерді білесің бе? Олжабай Жүргенов, Машарап Әлиев, Орақ Дәнекеров, Әбдіқалық Үмбетбаев,- деп тізбектей жөнелді. Қызметі мен отбасы мүшелеріне дейін сұрап отыр. Кілең жыраулардың тізімі. Бұл кісіге таң қалдым. — Білсең, ол кісілердің жай-күйі қалай?- деп үсті-үстіне жедел сұрақ қойды. Өз кезегімде:- Ол кісілерді толық танимын. Олжабай жыраудан өзгесі аман, жұмыстарында. Барлығы да өзіме ұстаз кісілер,- деп тоқтадым. Ол кісі қойнынан бір жапырақ қағаз алып, одан әрі: — Өзіңнің аты-жөнің Алмас Алматов, 1956 жылы туғансың. Әкең Нұрмахан 1900 жылғы, былтыр қайтыс болған, анаң Төлеу Төремұратқызы. Өлең айтуды он үш жасыңнан бастапсың. Ұстаздарың жоғарыдағы кісілер, — дей келе ал, айналайын, оқуың керек! Бүгін «Ақжардағы» Көшенейдің үйіне барып анасына сәлем беріп келе жатырмын. Ол кісі баласының қайғысына шыдамай: «Мардан, Көшенейді оқытамын деп жүріп сен өлтірдің! Ауылда жүре бергенде болатын еді!-» деп күйзелді. Барлық іске мұрындық болған өзім едім. Алматыға Ғылым Академиясына жұмысқа алдырып, одан Мәскеуге аспирантураға жібердік. Сонда жүргенде 27 жасында электр пойызы қағып кетіп, 1973 жылы наурыз айында қапыл қайтыс болды. Інісі Бидасқа анасы домбыра тарқызбай қойыпты. Қайтеміз, тағдырдың жазуы да!? Ізінде ұрпақ қалды, жетілер. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ», өмір солай құрылған, айналайын. Енді өзің секілді талапты жастар Көшенейдің бастаған жұмысын жалғастыруы керек. Болашақта жыраулардың мектебін ұйымдастырып, жоғары оқу орнында оқуына қол жеткізу Көшенейге міндеттеген тапсырмамыз еді. Өмірі қысқа болды. Отбасыңмен, анаңмен кеңес. Мынау менің Алматыдағы телефоным, мекен-жайым, хабарлас! – деп қолыма бір жапырақ қағаз берді. Сол күннен бастап Мардан Байділдаев ағамызды өзіме ұстаз тұтынып, ізіне ердім»… («Ұстаз дидары» А.Н.Алматов. «Егемен Қазақстан» 13 сәуір, 2016).  Сөздің кезегін Тұрсынбек ағамыз алып: — Ал, Алмас, Мардан ағаңның сөзін естіп отырсың. Оқып жетілу керек. Бұл кісі кеше аудан хатшысы Елеу Көшербаевтың (1929-1993) қабылдауында болып талантты жастарды іздеп келгенін айтып, өзіңді әдейі алдырып сөйлесіп отыр. Аудан хатшысы да, біз де «талантты жас» деп өзіңе үлкен үміт артып отырмыз. Екі күннен кейін «Қарақұмда» аудандық шопандар слеті өтеді. Оған облыстан, республикадан сыйлы қонақтар келеді. Соған дайындаласың. Бұл аудан хатшысының арнайы тапсырмасы. Жауапты жұмыс. Қазір аудандық Мәдениет үйінің директоры Сұлтан Сармолдин(1939-2011) ағаң күтіп отыр.Сонда баруың керек, -деп болып: — Алмас, ол адам сенің нағашың-деп ескертіп, жымиып күліп қойды. «Тәуекел!»-деп аудандық Мәдениет үйіне келдім. Алдымнан ақ көйлек, ақ шалбар, ақ туфли киген сырықтай ұзын аққұба өңді, шашын шалқалатып артына қайырған, қайраққа жаныған өткір пышақтай жалт-жұлт еткен, ширақ кісі жолықты. Амандасып болып, орындыққа отыруымды сұрады. Отырдым. Ол кісі шегіп отырған темекісін қайта тұтатты. Сосын маған қарап: — Темекі шегесің бе?-деді. — Шекпеймін. — Арақ ішесің бе? — Ішпеймін. — Қожаларға ішуге, шегуге болмайтын шығар? Онда қалай культурада жұмыс істейсің?-деп қойды.  — Бұл екі «мамандығыңыз да» маған тура келмейді екен, онда кетейін — дегенімде күліп жіберіп: — Сәуле, Қаламқас — деп, дауыстап қыздарын шақырды. Құндыздай шұбырып, ұзынды-қысқалы екі қыз кіріп келді. — Сәуле, мына жігітті киіндір. Қаламқас, кешегі келген жаңа домбырадан қалағанын алсын. Ертеңгі концерттік бағдарламаға қосыңдар, -деп маған қарап: — Бойдақсың ба?-деп сұрады. — Я, бойдақпын!-дедім. Бұл кісінің әңгіме-әуенін енді түсіне бастадым. — Онда, мына екі қыздан қалағаныңды ал. Сонда культураның адамы боласың. Өздерің секілді талантты жастар керек. Ал, киімдеріңді алып дайындал. Ертең жол жүреміз! -деді. Екі қыздың соңына еріп қоймасына кірдім. Бірден көзіме түскені жағалай ілінген ұзын мойын домбыралар болды. Ішінен екі домбыраны таңдап алып бөлек қойдым. Сәуле киімімді дайындап берді. Қайтып Сұлтекеңе келдік. Киімім өзіме шақ шықты. Домбыраның бірін алып, құлақ күйін келтіріп бір терме орындадым да: — Осы домбыра болады. Атыма жазып қойсын. Ал, мына домбыраны «жиендік» жасап алдым, -дедім. Сұлтекең темекісін будақтатып отырып: — Әй, қожа, бір басыңа екі домбыраны қайтесің?-деп сұрады. — Бұл домбыраны, қазір түскі шәйіне барып нағашым Қисықтың Оспанына (1898-1978) сыйлаймын. Ол кісі Тұрымбет жыраудың жанында жүріп, көп сөздерін жаттаған және «Күмісай» деген әнін біледі екен. Соны үйренемін. Өткен жолы үйіне соғып өтініш айтып едім домбырасы көнерген, бабы болмады. Енді сәті түскен секілді, — дедім. Сұлтекең рахаттанып күліп алды да, темекісін күл салғышқа езіп-езіп сөндіріп отырып: — Әй, қожа, ал-ал! Мен жиен сыбағаңнан құтылдым. Оспан нағашыңда ән де, күй де, жыр да жеткілікті. Бірақ сыпа адам, ешкімге айтпайтын еді. Тура іздеген адамыңның үстінен түсіпсің, -деп, жадырап сала берді. Сосын үстелдің тартпасынан бүктемелі, сары былғарыдан тіккен әмиян алып шықты. Ағытпа құлақшасын ашып еді, онысы екі есе ұзарды. Ішінде қызыл он сомдықтар. Үшеуін суырып қолыма ұстатты: — Мынау домбыраңның байғазысы. Ертең сағат 8.00 осында бол. Мені райкомға шақыртып жатыр. Қазір машинаға мін, нағашыңның үйінен қалдырамын, -деп сыртқа беттеді. Бұл кісілер ағайындас, шөмекейдің, қаратамыр аталығынан. Солай нағашымның үйіне келіп, дарбазаның есігін ашсам, талдың көлеңкесінде айтқандай-ақ сары самаурын екі иінінен демалып қайнап тұр екен.  Алдымнан Әлима апамыз шығып: — Айналайын, қожеке, қош келдіңіз!-деп қарсы алды. Бұл кісінің ілтипаты ерекше жан еді. Апаймен амандасып, аман-түгел сұрасып болып «Ассалаумағалейкум!»-деп үйге ендім. Әкелген домбыраны терезенің алдына сүйеп қойдым. Оспан нағашым терезеге жақын жерде мәсі тігіп отыр екен. Көзілдірік киген, басында тақиясы, қияқтай қою мұртты, шоқша сақалды, қараторы, орта бойлы сымбатты адам. — Уағалейкүмассалам! Осы, қожа болмасын?! -деп қолын созып сәлемімді алды. Одан соң, алдындағы істерінің бәрін жинастырып болып төрге төселген қосқабат көрпешеге жайғастық. Бойжеткен қызы қолға су құйып, орамал ұсынды. Шәй үстінде келген шаруама көштім: — Нағашеке Сізге бір бұйымтаймен келдім. Нағашы әжем Қазына (Қ. Наурызбайқызы1894-1985), «Тұрымбет жырау мен Оңғар жыраудың сөздері Оспан нағашыңда. Жас шағында жырау болып, той-мерекені атқарған еді»,-деген сөзімен келіп отырмын. Батаңызды алайын деп, мына домбыраны Сізге әкелдім! — деп, қолына ұстаттым. Ол кісі домбыраны ұстап көріп отырып: — Ойпырмай, қожеке, ол замандар өтті — кетті ғой!? Ол сөздерді қазір кім тыңдайды? Көне сөздерді айтқаны үшін талайдың басы талқыға түсіп, келмеске кетті. Алтын Әбілхайырды «Кенесары-Наурызбай» жырын жырлады деп кешегі 50-ші жылы ұстап кетті. Кейін елге келіп өлді. Құлыс Кете Темір жырау 37-ші жылы атылып кетті. Тұрмағамбеттің өмірі түрмеде жүріп таусылды… Оның қайсы бірін айтып тауысасың. Содан әбден үргедектеніп бұл өнер ұмытылып қалды ғой. Бала-шағаны асырау үшін істеп отырған істің түрін көріп отырсың, -деп домбыраны сол жағына сүйеп қойды. Әңгімеге шәй құйып отырған Әлима апай араласты: — Ау, әкесі, жиен мал сұрап келіп отырған жоқ, ән сұрап келіп отыр емес пе. Оның үстіне қожаның тұқымы. Алла жеткерді, бәтесін алып қалайық. Құдай жолына бір мал сойып, нағашыларымен таныстырып жібергеніңіз жөн ғой?-деп жол айтты. Нағашым мұртын таулап ширатып, миығынан күліп апайға қарады. Сірә, бәрі дұрыс шешілді.

Кешке үлкен мәжіліс болып, Аппаз Сәрікұлы, Жетпісбай, Нағашыбай ақсақалдар жиналып мерекеге ұласты. Бұл кісілер өзімнің туған нағашыларым. Кіші жүз, қаракесектен — Шөмен, одан Шөмекей, одан Бозғұл, одан Қаратамыр туады. Бұл кісілер оның Семетей аталығынан. Заманында бақ-берекелі ел болған. «Бай Шөмекейдің елі»-делініп дақпырты шыққан тұқымдар. Отырыс оңынан болып, өзім шабыттана жырлап аяғы ақсақалдар кеу кеулеп Оспан нағашыма СалқынбаевТұрымбеттің «Жаным Күмісай», «Әуияй» әндерін салғызып берді. Одан соң домбыраны ұзақ шертіп, «ән шақыру» деп тартатын буынына түсіп кетті. Сәлден соң: — Міне, бұл «Шөмекейдің ән шақыруы»- деп барып тоқтады. Қанша уақыт өтсе де, әуезі мен әуені сынын жоймай жеткен шығарманы сол жолы үйрендім. Ертеңіне аудандық Мәдениет Үйіне Сұлтан Сармолдин нағашым айтқан уақыттан ерте келдім. Аудан өнерпаздары да сақадай сай жинала қалды. Сұлтекең соңғы дайындықтарды пысықтап, барлығымызға тиесілі тапсырмалар беріп тастады. Өзімді бөлек, ерекше таныстырды. Сонымен көп кешікпей үш автобуспен Қарақұмға қарай жолға шықтық. Бұл өнер өлкесіндегі алғашқы сапарым еді. Жастар өте көңілді. Жол бойына Сәуле, Қаламқас, Кенжегүл бастаған қыздар Әсия апасымен қосылып ән салып, тойды бастап жіберді. Қырдың жолы теп-тегіс, арқаның самал желі көңілді делбеп қиялды алып ұшып келеді. Екі көзі бала жасынан көрмейтін Базарбай Жүсіпбаев ағамыз баянды құлаштай тартып, қыздарды сүйемелдеп отыр. Сұлтекеңнің осы кісіге құрметі айрықша екені көрініп тұр. Басы ауырса «дәрісін» бергізіп, арқасынан қағып қошемет жасап келеді. Көңілденген Базекеңнің арасында Үндінің әндерінен шырқап салған әуені, еріксіз жүрегіңді қозғап жібереді. Әуен, өзінің жанділіндегі қасіретімен әуездес келе ме екен, өте беріліп айтады. Меңдібала күйші «Балбырауын», «Ерке сылқым» күйлерін тартып өтті. Өз кезегімде екі-үш термеден айтып жіберіп құтылып қойдым. Өзімді Қарақұмның сүрлеу жолымен ән-жыр керуені көшіп келе жатқандай сезіндім. Осылайша «Сулы Баршақұм» деген жерге келіп ат басын тіредік. Айнала құмның ішінде майса шөп өскен сабатты жерді көргенде көңілің сергіп сала береді екен. Шөптен жердің жігі көрінбейді. Екі күрек басы жерден мұздай су шығып жатыр. Ақ шаңқан үйлер жағалай тігіліп, шопандар тойына келетін қонақтарға дайын тұр. Арнаулы үйге орнығып болғасын, мереке-майданға араласып кете бардық. Автобус жүргізушісі Әлен екеуіміз жастармен доп ойнап жатқанда жігіт ағасы бір кісі келіп жолықты. Өзін: — «Чапаев» кеңшарының есепшісімін, атым Алмас,-деп таныстырды. Одан әрі: — Өзіңді Ерекең шақырып жатыр,- дегесін ізіне ердім. Ерназар Сексенбаев(1917-2007) кеңшардың ірге тасын қаласқан, майдангер, елге беделі адам. Шаруашылықтың бастығы. Өзіммен бөле туысқан кісі еді. Сұлтекең бастаған төрт-бес кісімен тұр екен, жағалай сәлем бердім. Ерекең қолымнан ұстап тұрып: — Ал, қожа бала! Осы үйге обкомның хатшысы, ауданның хатшысы бастаған қонақтар түседі. Сағат 5.00 осында бол. Ағаларыңа өнеріңмен қызмет жаса, айналайын!-деп тапсырма берді. «Мақұл аға!»-деп дайындыққа кірістім. Белгіленген уақытта екі тікұшақпен айтулы қонақтар келіп қонды. Мереке думан басталып жүре берді. Ауылшаруашылығы қызметкерлерінің мерекесі жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізіліп жатыр. Тойдың халқы көңілді. Марапат, мадақ тарату аяқталып, ел жайсын демалуға көшті. Бағанағы Алмас ағам қайта келіп, ертіп ала жөнелді. Киіз үйге жақындағанда іштен бір жыраудың үні естілді. Алекеңе қарап: — Бұл кім?-деп, едім ол кісі: — Қазір көресің!-деп жымиып күліп қойды. Есік алдындаТұрсынбек Бекпанов, Сұлтекең екеуі күтіп тұр екен. Тұрсекең амандасып болып: — Ал, Алмас, өнеріңді көрсететін жерің. Сұлтекең өзің жайлы жақсы айтып тұр. Енді ішке кір- деп жол берді. Сәлем беріп есіктен кіріп оң жақтағы жырлап отырған жыраудың қасындағы дайындап қойған орынға отырдым. Бір тізерлеп отырып «Тақ Сүлейменді» жырлап отырған Қуандық жырау (Қ.Бүрлібаев1936-1989) екен. Облыс хатшысының оң жағында,төрде ақ орамалын сәндеп тартып жырау Шәмшат апам(Ш.Төлепова 1930-2002) отыр. Қуекеңнің алқадағы жырын бірінші тыңдауым еді. Ерекше әсер алдым. Ол кісі де ұзатпай әуелете қайырып жырдың бір қайырымын аяқтады. Құрметті қонақтар «ой пәли!»-деп қошеметтеп жатыр. Сол кезде сөзді аудан хатшысы Елеу Көшербаев алды. Сөзін облыс хатшысы Исатай Әбдікәрімов ағамызға бұрып: — Құрметті Исеке! «Ел іші-өнер кеніші» деген, сонау «Қызылқұмдағы» «Жаңақала» кеңшарынан бір жас талантты Сізге тыңдатуға шақыртып отырмын. Ол мына жігіт — Алмас Алматов. Өнерін өзіңізбен бірге тамашалайық –деп, кезек берді. Дайындап келген шығармам халық ақыны Әлиакбар Жұматаевтың(1910-1987) «Жүз жүйрік» деген толғауы еді. Қуекеңмен орын ауыстырып, жырды бастап кеттім. Бұл шығарманы 7-ші класымда әкеммен еріп барып, ауылдағы 1-ші ферманың «Төлеген» деген жайлауында отырғанда жырау Әбдіхалық Үмбетбевтың қолжазбасынан жазып алып, жаттап едім. Бұл кезге дейін айтылмаған тың шығарма болатын. Жүз жырауды сыпаттап, өрнектей тоқыған сөз зергері Әлиакбар ақынның шығармасы тыңдармандарын тез баурап ала жөнелді. Шәмшат апам шығармадаға бар адамды көзімен көргендей баяу басын шайқап отыр. Жырдың бір буынында: Сыр бойында Шәмшат бар, Домбырасын моншақтар. Қыз едім деп қымсынбайды, Жорғадай басып алшақтар…. -деп толғағанымда, апайдың жүзі жарқ етіп нұрланып кетті. Исатай аға апайға қошемет сөз айтып жатты. Өзім әрі қарай жырлап отырмын. Шығарманы аяқтап тоқтадым. Қонақтар қол шапалақтап, «ой, пәли!»-деп жатыр. Исатай ағамыз сөз алып: — Айналайын! Өнерің өте жақсы екен. Өнер — оқумен толығады. Жастарға көмектесеміз, оқыңдар!-деп оң тілегін білдірді. (И.Әбдікәрімов (1923-2001). «Көп екен көргеніңнен көрмегенің». Естелік. Алматы, «Атамұра», 1993, 94б.) Елеу ағамыз маған мейірімін төге қарап: — Ал, Алмас, талабың оң болсын! Енді өнер жолын оқумен ұштастырып, халыққа қызмет жасауларың керек. Сәттілік тілейміз, айналайын!-деп асыл ағалар болашағымызға бағдар сілтеп, көмек қолын созды. Өнердегі, өмірдегі шығармашылық ізденісім осы екі кісінің ақ батасымен, нақты көмегімен басталды.  Шәмшат апам: — Алмасжан! Бұл кімнің шығармасы, қашан жазылған?-деп сұрады. — Апа, Әлиакбар Жұматаевтың 1956 жылы жазған шығармасы дегенімде , апам риза көңілмен: — Жақсы орындадың. Ел ішіне айтып жүр!?- деп жүзінен шуағын шаша күлімдеп отырды. Сыртқа шыққанымда Сұлтекең бәйгеден аты келгендей қуанып: — Ал, қожа! Бағың өрлейін деп тұр. Құтты болсын!-деп қолымды алып арқамнан қақты.  Осылайша Сұлтекең бастаған Қарақұм сапары, болашағымда үлкен өнер жолымның бастау, баспалдағы болды. Өнердің қанша биігіне шықсаң да — бастау бұлағың, алғашқы тәрбие берген, талабыңа көмек қолын созған жандардың орны ерекше, жүрек түкпірінде тұрады. «Біз өнерге бір күнде келген жоқпыз және бір күнге келген жоқпыз» деген қағидалы сөзім де, осы кісілер секілді өмірімнің өнбойына қолдау көрсетіп келе жатқан халық пен қадірлі азаматтарға айтылған жүрекжарды лебізім еді. Сұлтан ағамыз бен Күміс жеңгеміздің шаңырағы өнер адамдарының жиі бас қосаты ордасына айналды. Өзім, Сұлтекеңнің ағалық қамқорлығын толық сезініп өскен жанның бірімін. Қармақшы ауданының мәдениеті мен өнеріне өлшеусіз үлес қосқан, елге аға болған азамат жанның тұлғасы жастарға үлгі, кейінге естелік болсын деп аға туралы үзік сыр жазылды. Асыл ағаны, Алла иман шапағатымен жарылқасын!

А.Н.Алматов.

Көрудің саны: 185  

Жаңалықтар