23 ҚАЗАНДА ЖЫЛДЫҢ ЕҢ ҮЗДІК ГОЛЫ АНЫҚТАЛАДЫ

Халықаралық футбол қауымдастықтары Одағы (ФИФА) 2017 жылдың ең үздік, ең әдемі голына берілетін Ференц Пушкаш атындағы cыйлыққа үміткерлер үштігін жариялады.

Бұл үштікке «Арсенал» шабуылшысы Оливье Жиру, Колумбияның жасөспірім қыздар құрамасының ойыншысы Дейн Кастельянос және «Барока» командасының (ОАР) қақпашысы Оскарине Масулукенің голдары енген.

Оливье Жиру жанкүйерлер жадында жүрген тамаша голды осы жылдың 1 қаңтары күні «Кристал Пэлас» командасының қақпасына соққан еді.

Масулуке өз голын «Орландо Пайретс» қақпасына 2016 жылдың 1 қарашасында соққан. Бұрыштамадан асырылған допқа бірінші жетіп, қайшылай теуіп қарсылас қақпашысын қапы қалдырған.

Дейн Кастельянос болса алаң ортасынан басталған бетте-ақ допты қарсыластар қақпасына бірден бағыттап, гол соққан.

Үздік гол 23 қазан күні анықталады.

Естеріңізге сала кететін болсақ, бұл сыйлық 2009 жылдан бері беріліп келеді. Танымал сыйлықтың атауы 1950 жылдары Венгрия ұлттық құрамасының капитаны болған Ференц Пушкаш құрметіне берілген.

Ендеше 2017 жылдың ең әдемі, ең үздік голын бірге анықтайық. Үздік деп тапқан голыңызға ФИФА-ның ресми сайты арқылы дауыс бере аласыздар.

massaget.kz

Көрудің саны: 330  

Жаңалықтар